Денсаулық

Астанада алдағы төрт жылда 11 медициналық нысан салынады

Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы алдағы төрт жыл ішінде 11 медициналық нысан салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы басқарма басшысы Айнұр Төлеуова 2025 жылдың қорытындысына арналған алқа отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде елордалық медициналық ұйымдар жоспарлы қуатынан артық жүктемемен жұмыс істеуде. Қала халқы жыл сайын орта есеппен 100 мың адамға артып келеді. Сонымен қатар, жедел жәрдем шақыртуларының әр бесіншісі – қала емханаларына тіркелмеген өзге өңір тұрғындары мен шетел азаматтарына тиесілі.

Үкімет бекіткен Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай Астана халқының саны 2,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Бұл сапалы медициналық көмекке деген сұранысты одан әрі арттырады.

Жүктемені азайту үшін 2 перинаталдық орталық, заманауи көпбейінді аурухана, 6 жаңа емхана (оның ішінде 2-уі мемлекеттік), сондай-ақ 2 жедел жәрдем қосалқы станциясын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, биыл мамыр айында №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады. Жаңа нысан ірі флагмандық медициналық орталық ретінде жұмыс істемек. Оның құрамында көпфункционалды реанимация бөлімі, кеңейтілген қарқынды терапия палаталары және жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістері қарастырылған.

Еске салайық, өткен жылы Нұрлы жол ауданында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жекеменшік емхана ашылған болатын. Ал биыл Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында Нұра және Есіл аудандарының балаларына арналған травматологиялық пункт іске қосылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button