«200 мектеп – 4000 әке»: Астанада қар күреу экочелленджі өтті

Бүгін Астана қаласының мектептері мен балабақшаларында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында «200 мектеп және балабақша – 4000 әке» атты қар күреу экочелленджі ұйымдастырылды.
Аталған шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу, балаларға еңбектің қадірін түсіндіру және оларды еңбекке баулу. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, мұндай игі бастама жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, адамгершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Экочелленджіні өткізуге Астана қаласының Білім басқармасы қолдау көрсетті. Бұл туралы Республикалық Әкелер одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы бұл бастамаға қала бойынша 100 мектептен 1000 әке баласымен бірге қатысқан. Биылғы шара ауқымы кеңейіп, мектептер мен балабақшаларды бір мезетте ортақ іске жұмылдырды.
Акция барысында білім алушылардың әкелері балаларымен бірге білім беру ұйымдарының аумағын абаттандырып, мектеп пен балабақша аулаларын және іргелес аумақтарды қардан тазартты.
Шараға қатысқан әкелердің бірі – Нұржан Машанов. Оның ұлы Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейдің 7-сыныбында білім алады. Нұржан Машановтың айтуынша, мұндай бастамалар ата-ана мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, тәрбие ісіндегі әкенің рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
«Астаналық әкелердің бір мезетте осындай игі іске атсалысуы олардың ынтымағы мен жауапкершілігін көрсетеді. Бірге еңбек ету – әке мен бала арасындағы сенімді арттырады. Бала әкесінің іс-әрекеті арқылы еңбексүйгіштікті үйренеді. Таза ауадағы қозғалыс денсаулыққа пайдалы, иммунитетті нығайтып, физикалық белсенділікті арттырады», – деді ол.
Жалпы, мұндай қоғамдық пайдалы еңбек балаларды еңбексүйгіштікке, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелейді. Экочеллендж әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде көшбасшылықтың сөзбен емес, іспен дәлелденетінін көрсетеді.



