Елордада әскери қызметшілер арасында шаңғы чемпионаты өтті
Елордадағы Орталық саябақта Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер Бас штабының құрылымдық бөлімшелері арасында ұйымдастырылған шаңғы жарысынан чемпионат өз мәресіне жетті. Дәстүрлі додаға 39 команда құрамында 150-ден астам әскери қызметші қатысты. Әр құрамда үш ер азамат пен бір әйел спортшы бақ сынады. Эстафеталық кезеңде ерлер 2,5 шақырымды, ал әйелдер 1 шақырым қашықтықты жүріп өтті.
Жарыс екі топ бойынша өтті. Бірінші топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың орталық аппараттары, департаменттері және басқармалары өнер көрсетті. Ал екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, әскери бөлімдері мен мекемелерінің командалары жарыс жолына шықты.
Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы, полковник Төлеген Бөлежановтың айтуынша, бұл чемпионат әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене дайындығын арттыруға және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған.
Эстафета қорытындысы бойынша бірінші топта Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының командасы топ жарды. Әкімшілік департаменті екінші орынға ие болса, Жауынгерлік даярлық департаменті мен Сержанттық құраммен жұмыс басқармасы үшінші орынды бөлісті.
Жеке біріншілікте ерлер арасында подполковник Сергей Лобода (Әскери өкілдіктер орталығы) жеңімпаз атанды. Екінші орынды 1-сыныпты сержант Азамат Жақыпов (Әкімшілік департаменті) иеленді. Үшінші орын полковник Дархан Ахановқа (Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы) бұйырды. Әйелдер арасында подполковник Алена Ақымбекова (Жедел жоспарлау департаменті) чемпион атанса, аға лейтенант Әсем Бақаева (Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы) күміс жүлдеге ие болды. Қола медаль 3-сыныпты сержант Алтынай Смағұловаға (Зейнетақымен қамтамасыз ету орталығы) табысталды.
Екінші топта 14776 әскери бөлімінің құрамасы жеңіске жетті. Әскери полиция бас басқармасы екінші орынға тұрақтаса, Тыл бастығы басқармасы үшінші орынды иеленді.
Жеке есепте ерлер арасында майор Никифор Чембердиев (Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы) үздік нәтиже көрсетті. Подполковник Евгений Ерастов (Тыл бастығы басқармасы) күміс, ал полковник Ернар Оқасов (14776 әскери бөлімі) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында аға лейтенант Гүлжан Нүсіпова (Әскери полиция бас басқармасы) чемпион атанды. Екінші орынды 3-сыныпты сержант Динара Садырбаева (14776 әскери бөлім) еншілесе, үшінші орын подполковник Ұлпан Талапқа (Қару-жарақ бастығы басқармасы) бұйырды.
Жарыс барысында қатысушылар мен жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасалды: арнайы жылынатын шатырлар тігіліп, ыстық тағам мен шай ұсынылды.



