Қоғам

Су тасқынына қарсы кешенді жоспар жүзеге асырылуда

Астанада су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қала аумағында арық-науа жүйелері мен нөсерлі кәріз желілерін тазалау, тазарту нысандарын салу және жаңғырту, сондай-ақ қарды дер кезінде шығару шаралары қолға алынған. Еріген қар суын қауіпсіз бұруға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұл бағыттағы міндеттер әкімдікте өткен арнайы жиында пысықталды. Кеңеске ТЖД, «Қазсушар» РМК, «Қазгидромет» РМК және басқа да тиісті мекемелердің өкілдері қатысты.

Коммуналдық қызметтер 38 шақырым арық-науа желісін және 16 шақырым нөсерлі кәріз жүйесін тазартты. Бұдан бөлек, 3,3 мыңға жуық бақылау және жауын суын қабылдайтын құдықтар аршылып, 530 метр құбыр бу әдісімен тазаланды. Жалпы көлемі 884 тонна лай сыртқа шығарылды. Қыс маусымында қала сыртына 4,6 миллион текше метрден астам қар тасымалданған.

Су тасқынының алдын алу және ықтимал салдарын жою үшін қажетті инертті материалдар қоры жасақталды. Азаматтық қорғау қызметтері мен коммуналдық мекемелер күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде.

«Астана су арнасы» кәсіпорны желісі аясында 170 метр қысымды құбыр тартылып, диаметрі 400-1600 мм болатын магистральдық желілер тазартылуда. Кәріз-тазарту станциясында сағатына 5-7 мың текше метр су айдайтын төрт сорғы орнатылған. Сонымен қатар Индустриялық парк аумағында Ақбұлақ өзенінің жағалауын бекіту және өзен арнасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар мен жекеменшік сектор аумақтарынан қарды уақытылы шығару, сондай-ақ бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарға сай атқарылуда. Барлық жұмыс тәулік бойы жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button