XXV Қысқы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі

22 ақпаннан 23 ақпанға қараған түні Италияның Верона қаласында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтеді.
Тікелей көрсетілім Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады. Оны «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан көруге болады.
Салтанатты шара ежелгі Арена ди Верона аренасында ұйымдастырылады.
Биылғы Олимпиада Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтті. Төртжылдықтың басты додасы «Әсемдік әрекетте» («Beauty in Action») атты шоумен қорытындыланады.
Жабылу рәсіміне дәстүр бойынша қатысушы барлық елдердің делегациялары, соның ішінде Қазақстан құрамасы да қатысады. Спортшылар аренада шеру жасап өтеді.
Бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың 10 түрі бойынша жарысқа қатысты.
Жабылу салтанаты Олимпиада туын 2030 жылғы Қысқы Олимпиаданың астанасы – Француз Альпілері өңіріне тапсыру рәсімімен аяқталады.



