Елордада алдағы төрт жылда 11 медициналық нысан салынады

Денсаулық сақтау басқармасы алдағы төрт жыл ішінде елордада 11 медициналық нысанның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы басқарма басшысы Айнұр Төлеуова 2025 жылдың қорытындысына арналған алқа отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астана қаласындағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда көптеген мекемелер жоспарлы қуатынан артық көлемде қызмет көрсетуде. Бұған қала халқы санының тұрақты өсуі тікелей әсер етуде — елорда тұрғындарының саны жыл сайын орта есеппен 100 мың адамға көбейіп отыр.
Сонымен қатар, шақыртулардың шамамен 20 пайызы қала емханаларына тіркелмеген өзге өңір тұрғындары мен шетел азаматтарына тиесілі екені атап өтілді.
Мемлекет бекіткен Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай елорда халқының саны 2,3 миллион адамға жетеді деп болжануда. Бұл өз кезегінде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке деген сұраныстың артуына әкелмек.
Аталған мәселені шешу мақсатында:
-
2 перинаталдық орталық,
-
заманауи көпбейінді жаңа аурухана,
-
6 толыққанды емхана (оның ішінде 2 мемлекеттік),
-
2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салу жоспарланған.
Сондай-ақ биыл мамыр айында №2 Көпбейінді қалалық аурухана жанынан салынып жатқан қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады. Жоба аясында екі корпусты біріктіру арқылы ірі флагмандық медициналық орталық құру көзделіп отыр.
Жаңа кешен құрамында көпфункционалды жансақтау бөлімі, кеңейтілген қарқынды терапия палаталары, сондай-ақ жоғары технологиялық диагностика және емдеу қызметтері қарастырылған.
Айта кетейік, өткен жылы Нұрлы жол ауданында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жекеменшік емхана ашылған болатын. Ал биыл Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында Нұра және Есіл аудандарының балаларына арналған травматологиялық пункт іске қосылды.



