985

Елордадағы JOLTAP жобасы жаңа кәсіпті меңгеріп, табысын арттырып, өз ісін бастағысы келетін тұрғындарға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Жобаға қатысқан көпбалалы ана Гүлден Нұрқожаева бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр.
Кеден ісі және экономист мамандығы бойынша екі бірдей жоғары білімі бар бес баланың анасы ұзақ жыл бала тәрбиесімен айналысқан. Соған қарамастан, ол жастайынан жанына жақын тігіншілік өнерін тастамай, шағын кәсіп бастап кеткен. Ал JOLTAP жобасы оның мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге жол ашқан.
«Көпбалалы аналарға арналған тегін курстарды іздеп жүрген едім. JOLTAP туралы тігіншілер чатынан көріп қалдым. Бұл – мен қатысқан алғашқы курс. Бұған дейін тігіншілікті арнайы оқымағанмын. Курста халат тігуді үйрендік, сыдырма салу, шалбар балағын қысқарту, жейде жеңін пішу, той көйлектерінің жағасын тігу сияқты маңызды детальдарды меңгердік. Осы білім арқылы толыққанды киім тігуге болады. Ұстазымыз Фарида апайдың шеберлігіне тәнті болып, қосымша шеберлік сағатын өткізуді сұрадым. Соның нәтижесінде этно-стильдегі пальто тіктік. Қазір бұл үлгіге сұраныс жоғары, тапсырыс қабылдап жатырмын», – дейді ол.
Гүлден Шапағатқызы бұған дейін де кәсіпкерлік бағытында қадам жасаған. 2019 жылы кәсіпкерлікті қолдау қорынан грант ұтып алып, тігін машиналарын сатып алған. Сол арқылы қыз жасауын тігіп, табыс таба бастаған. Кейін өз қаражатына жүн және мақта түтетін станок алған. Оның құрақ көрпелері мен жасау бұйымдарына еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түскен.
Қазір олардың ауласында орналасқан киіз үйде шағын шеберхана жұмыс істейді. Мұнда жүн түтіліп, түрлі бұйымдар тігіледі. Кәсіпке жолдасы да қолдау білдіреді. Ал алдағы жоспары – қыз ұзату тойларына арналған ұлттық киімдер тігу.
«Курс маған үлкен серпін берді. Өзім сияқты көпбалалы аналарды осы жобаға қатысуға шақырамын», – дейді ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба аясындағы қысқамерзімді оқу бағдарламалары 18-50 жас аралығындағы елорда тұрғындары үшін тегін. Оқуды аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталады. Сондай-ақ түлектердің деректері JUMYSTAP.KZ жұмыс іздеу платформасында тегін жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін де Астана тұрғынының JOLTAP жобасы туралы пікірі жарияланған болатын.



