Экономика

Қазақстан әлемдік ЖІӨ өсіміне үлес қосатын ТОП-25 елдің қатарына енді

Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштері Қытай мен Үндістан болмақ. Жалпы әлемдік экономика өсімі 3,1% деңгейінде болжанып отыр. Алайда осы өсімнің басым бөлігін қай елдер қамтамасыз етеді?

Қытай мен Үндістан – басты драйверлер

2026 жылы Қытайдың үлесіне әлемдік нақты ЖІӨ өсімінің 26,6%-ы тиесілі болады деп күтілуде. Ел экономикасы 4,2%-ға өседі деген болжам бар. Өсім қарқыны бұрынғы жылдармен салыстырғанда баяулағанымен, Қытай экономикасының ауқымы оның жаһандық өсімдегі шешуші рөлін сақтап отыр.

Үндістан 6,2% өсіммен екінші орында тұр. Оның әлемдік экономикалық өсімге қосатын үлесі – 17%. Осылайша, Қытай мен Үндістан бірге 2026 жылғы жаһандық өсімнің 43%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл әлемдік экономикалық орталықтың Азияға қарай ойысып жатқанын көрсетеді.

АҚШ пен Еуропа: өсім бар, қарқын баяу

Дамыған елдер арасында ең үлкен үлес АҚШ-қа тиесілі. 2026 жылы АҚШ экономикасы 2,1%-ға өсіп, әлемдік өсімнің 9,9%-ын қамтамасыз етеді.

Еуропаның жиынтық үлесі шамамен 9,5%. Германия, Франция, Италия және Испания секілді елдер өз үлесін қосқанымен, халықтың қартаюы мен қатаң қаржылық жағдайлар өңірдегі экономикалық белсенділікті тежеп отыр.

Дамушы нарықтардың күшеюі

Алғашқы ондыққа Индонезия, Түркия, Сауд Арабиясы, Египет, Вьетнам, Бразилия және Нигерия кірді. Бұл елдердегі өсім қарқыны 3,7%-дан 5,6%-ға дейін жетеді деп күтілуде. Яғни дамушы экономикалар жаһандық өсімнің маңызды бөлігіне айналып келеді.

Қазақстанның орны

Болжам бойынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,8%-ға өседі. Елдің әлемдік экономикалық өсімдегі үлесі 0,7% болады. Бұл көрсеткіш ірі экономикалармен салыстырғанда шағын болғанымен, өңірлік деңгейде маңызды динамика саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ЖІӨ көлемі 300 миллиард АҚШ долларынан асқаны хабарланған болатын.

2026 жылғы әлемдік нақты ЖІӨ өсіміне үлес қосатын ТОП-30 ел:

  1. Қытай — 26,6%

  2. Үндістан — 17,0%

  3. АҚШ — 9,9%

  4. Индонезия — 3,8%

  5. Түркия — 2,2%

  6. Сауд Арабиясы — 1,7%

  7. Египет — 1,7%

  8. Вьетнам — 1,6%

  9. Бразилия — 1,5%

  10. Нигерия — 1,5%

  11. Бангладеш — 1,3%

  12. Филиппин — 1,3%

  13. Ресей — 1,1%

  14. Польша — 1,0%

  15. Германия — 0,9%

  16. Ұлыбритания — 0,9%

  17. Пәкістан — 0,9%

  18. Малайзия — 0,9%

  19. Аргентина — 0,9%

  20. Испания — 0,9%

  21. Оңтүстік Корея — 0,9%

  22. Мексика — 0,8%

  23. Қазақстан — 0,7%

  24. БАӘ — 0,7%

  25. Жапония — 0,6%

  26. Франция — 0,6%

  27. Канада — 0,6%

  28. Тайвань — 0,6%

  29. Аустралия — 0,6%

  30. Италия — 0,5%

Жалпы алғанда, 2026 жылы әлемдік экономиканың негізгі өсімі Азия елдеріне тиесілі болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button