Елорда спортшылары жаңа шаңғы базасында жаттыға бастады
Елордада жаңадан салынған шаңғы базасында биатлон және шаңғы тебу спорт түрлерінен алғашқы оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылды. Бұл нысан алдағы уақытта қысқы спорт түрлерін дамытуға серпін бермек.
Жаттығу барысымен танысу үшін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы барып, спортшылардың дайындығын бақылап, жаттықтырушылармен оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
«Бүгін базада биатлон және шаңғы тебуден алғашқы жаттығулар өтті. Жаттығу процесімен танысып, бапкерлермен және жас спортшылармен сөйлестім. Мұнда спорттық бағдарлау бағыты бойынша да жаттығулар өтеді. База толық жұмыс істеуге дайын, оқу-жаттығу процесін сапалы ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған», – деді басқарма басшысы.
Заманауи инфрақұрылым
Жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, күштік қондырғылар мен арнайы жабдықтар орнатылған кең жаттығу залы жұмыс істейді. Оның ішінде «ERCOLINA» тренажері бар.
Сондай-ақ базада инновациялық «Skate Treadmill RL3500E» кәсіби тренажері орнатылған. Бұл құрылғы жыл бойы конькимен сырғанау техникасын имитациялауға, төзімділікті арттыруға, жылдамдық пен көлбеу бұрышын меңгеруге мүмкіндік береді. Тренажер жүктеме қарқындылығын дәл реттеп, мамандардың бақылауымен қауіпсіз жаттығу өткізуге және спортшылардың нәтижесін жүйелі бағалауға жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, шаңғылар мен спорттық жабдықтарды дайындау, сақтау және кептіруге арналған арнайы үй-жайлар қарастырылған.
Спортшылар үшін жаңа мүмкіндік
Биатлоннан жаттықтырушы-оқытушы Евгений Тюлегеневтің айтуынша, қазіргі уақытта 90-ға жуық бала жаттығуда.
«Бүгін жаңа шаңғы базасы жұмысын бастады. Балалар қатты қуанып отыр, біз бұл күнді ұзақ күттік. Астанада алғаш рет жабдықтарды сақтауға және балалардың киім ауыстыруына арналған арнайы база ашылды. Барлық жағдай жасалған», – деді ол.
Жаңа шаңғы базасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Олимпиадалық резервті даярлау орталығы, Жоғары спорт шеберлігі мектебі және бұқаралық спорт клубтары тәрбиеленушілерінің негізгі оқу-жаттығу алаңына айналады.
Айта кетейік, шаңғы базасы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.



