World Cup кезеңінде Қазақстан 13 медаль жеңіп алды

Инцелль қаласында (Германия) өткен конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңі аяқталды. Беделді жарыста Қазақстан құрамасы 13 медаль еншіледі, оның алтауы – алтын.
Юниорлар арасында Кристина Шумекова 1000 және 3000 метр қашықтықтарында топ жарып, қос алтын жеңіп алды.
Нео-сеньорлар санатында 1000 метр қашықтықта қазақстандық қыздар тұғырды толық иеленді: Инесса Шумекова– бірінші, Дарья Важенина – екінші, Алина Дауранова – үшінші орын алды.
Сондай-ақ Қазақстан әйелдер арасындағы командалық спринтте (нео-сеньорлар) жеңіске жетті. Андрей Семенов1000 метрде (нео-сеньорлар) күміс медаль иеленді. Ал юниор қыздар құрамасы командалық спринтте екінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы командалық спринтте (нео-сеньорлар) Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.
500 метр қашықтықта (нео-сеньорлар) Алина Дауранова чемпион атанса, Инесса Шумекова күміс жүлде алды.
1500 метрде юниорлар санатында Анастасия Беловодова үздік үштікті түйіндеді. Осы қашықтықта нео-сеньорлар арасында Мария Деген алтын медаль жеңіп алды.
Еске салайық, турнирдің алғашқы күнінде қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алған болатын.



