Басты жаңалық

32 жылдан кейінгі тарихи жеңіс: Олимпиада жүлдегерлері Астанаға оралды

Астанада қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері ерекше құрметпен қарсы алынды. Елорда әуежайына түнгі сағат 2.00 де мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен спортшы Софья Самоделкина келді.

Спортшыларды жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт қауымдастығының өкілдері зор ықыласпен күтіп алды. Салтанатты шара барысында чемпиондар мен бапкерлерге құрмет көрсетілді.

Жүлдегерлерді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы және Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан құттықтады.

Геннадий Головкин бұл жеңістің тарихи маңызын атап өтті.

«Бүгін елге нағыз батырлар оралды. Ең алдымен, чемпиондарды тәрбиелеген бапкерлер мен отбасыларына алғыс айтуымыз керек. Қазақстан бұл алтынға әбден лайық. Олар – біздің жаңа қаһармандарымыз», – деді ол.

Салтанатты шара барысында Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы мен демеушілердің қолдауымен спортшылар мен бапкерлерге пәтер кілттері табысталды. Михаил Шайдоров пен оның бапкері Алексей Урмановқа үш бөлмелі пәтер, ал Софья Самоделкина мен бас бапкер Әсем Қассановаға бір бөлмелі пәтер берілді.

Бауыржан Ералы Олимпиадада 32 жылдан кейін Қазақстан әнұранының шырқалғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Софья Самоделкина да үздік ондыққа еніп, ел мерейін үстем етті.

Өз кезегінде Михаил Шайдоров жанкүйерлерге алғысын білдіріп, көрсетілген қолдау алдағы жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғауға жігер беретінін айтты.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button