Астана көктемгі су тасқынына дайын ба?

Көктем жақындаған сайын халықты толғандыратын сұрақтың бірі – су тасқыны қаупі. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бұл кезеңге дайындық қалай жүріп жатқанын мәлімдеді.
1800 қызметкер және тәулік бойы жұмыс
Бүгінде Астана қаласы ТЖД құрамында 1800 қызметкер бар. Құтқару қызметінің 101 және 112 нөмірлері тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
ТЖД мәліметінше, қараша айынан бастап 112 нөміріне хабарласқан азаматтың орналасқан жерін автоматты түрде анықтайтын арнайы бағдарлама іске қосылған. Пилоттық жоба әзірге тек Астанада жұмыс істеп тұр. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, бір жыл ішінде департаментке 650 мыңнан астам қоңырау түскен. Бұл қызметке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Астана қаласы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы Өрт байланысы орталық пунктінің бастығы Зауре Жукешованың айтуынша, қала халқының өсуіне байланысты жаңа инфрақұрылым да дамып келеді. Үркер тұрғын алабында және Қордай көшесінде жаңа өрт сөндіру бөлімшелері ашылған.
Қазіргі таңда департаменттің қарамағында 206 бірлік өрт сөндіру техникасы бар. Сонымен қатар, заманауи техникалармен, соның ішінде Hyundai базасындағы арнайы өрт сөндіру көліктерімен және жол талғамайтын автокөліктермен толықтырылған.
Қар аз, бірақ бақылау күшейтілген
ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының маманы Али Арғынбаевтың айтуынша, биыл Астанада өткен жылмен салыстырғанда қар аз жауған. Дегенмен, бұл қауіп толық сейілді деген сөз емес.
Қыста арықтар мен су өткізетін құбырлар арнайы бу құрылғылары арқылы тазаланып отырады. Бұл еріген қар суының кедергісіз ағуына мүмкіндік береді.
Су тасқынының алдын алу жұмыстары әкімдікпен бірлесіп жүргізіледі. Бірнеше коммуналдық және жауапты мекеме көктемгі кезеңге дайындық жоспарын үйлестіріп, қауіпті учаскелерді тұрақты бақылауда ұстайды.
Жоспарлы дайындық
Көктемгі кезеңге арналған нақты іс-шаралар жоспары бар. Оның ішінде:
-
су басу қаупі бар аймақтарды бақылау;
-
арық жүйелерін тазалау;
-
қар шығару жұмыстарын жалғастыру;
-
инертті материалдар мен арнайы техниканы әзір күйде ұстау;
-
халықты ақпараттандыру жұмыстары.
Мамандардың айтуынша, басты мақсат – ықтимал қауіптің алдын алу және төтенше жағдайға жол бермеу.
Толық сұхбат пен көктемгі дайындық барысы туралы кеңейтілген ақпаратты біздің подкаст арнамыздан тыңдай аласыздар. https://youtu.be/6k5ys3hJoJQ?si=LuYAIH10Ons5RR4_



