Касым-Жомарт Токаев Михаил Шайдоровты «Барыс» орденімен марапаттады

Ақорда резиденциясында ХХV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы спортшының жеңісін отандық спорт тарихындағы айтулы жетістік деп атап, бұл табыс ел мерейін асқақтатқанын айтты. Президент чемпионның әкесіне де алғыс білдірді.
Жоғары спорттық жетістіктері үшін Михаил Шайдоров «Барыс» орденінің ІІ дәрежесімен наградталды. Ал бапкер-кеңесші Алексей Урманов «Достық» орденінің ІІ дәрежесіне ие болды.
Сонымен қатар «Құрмет» ордені ұлттық құрама командасының бас бапкері Асем Касановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
Салтанатты жиында сөз алған Михаил Шайдоров бұл марапаттың өзі үшін үлкен құрмет екенін айтты. Оның сөзінше, Олимпиада алтыны – тек өзінің ғана емес, ата-анасы мен бапкерлерінің және барша қазақстандықтардың жеңісі.
– Бұл медаль – маған сенген, қолдау көрсеткен жандардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Арман табандылық, еңбек және жақындардың сенімі арқылы орындалады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау бізге жаңа жетістіктерге жетуге жол ашады. Олимпиада алтыны – соңғы белес емес. Алда ел намысын абыроймен қорғап, жас ұрпаққа үлгі болғым келеді. Қазақстанға қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш, – деді чемпион.
Президент мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Бұл бағыт мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала бермек.



