Қыс басталғалы қаладан 6 млн текше метрден аса қар шығарылды

Астанада қыс басталғалы бері коммуналдық қызмет өкілдері бір сәтке де дамыл тапқан жоқ. Қала көшелерінде қар тазалау жұмыстары күндіз-түні тоқтаусыз жүріп жатыр.
Тек өткен түннің өзінде қар полигондарына 3 285 ауыр жүк көлігі қатынап, 53 мың текше метрден астам қар шығарылған.
25 ақпан күні таңертең қар күреу жұмысына 1 700-ден астам арнайы техника мен 3 084 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік қатынайтын жолдар тазаланады. Кейін аулалар, тротуарлар, алаңдар мен аялдамалар ретке келтіріледі.
Қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 404 130 рейспен 6 миллион текше метр қар шығарылған. Бұл – орасан еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелер мен тротуарларға арнайы техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы жүргізіледі.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды сақ болуға шақырады: көктайғақта абай болыңыз, жолда арақашықтық сақтаңыз және ауа райы қолайсыз күндері алыс сапарға шықпаған жөн.



