Жолаушы пойызға кешігіп қалған жағдайда ақша қайтарыла ма?

Кез келген жолаушы пойызға үлгермей қалу әбден мүмкін. Осындай сәтте абыржымай, ең алдымен вокзалдағы билет кассасына барып, жағдайды түсіндіру қажет.
Егер жолаушы пойыз жөнеліп кеткеннен кейін кешігіп қалса, билет құнының белгілі бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Ол үшін пойыз билетте көрсетілген станциядан шыққан уақыттан бастап бір сағат ішінде өтініш беру керек. Белгіленген мерзімнен кешіккен жағдайда қаражат қайтарылмайды.
Қайтару рәсімін жүргізу үшін жолаушы өзімен бірге жеке куәлігін және жол жүру билетін ұсынуы тиіс. Кассир қажетті құжаттарды рәсімдеп, бос орындар болған жағдайда келесі пойызға билет ұсына алады. Қайтарылатын қаражаттың мөлшері мен төлеу мерзімі теміржол көлігімен жолаушыларды, жүк пен багажды тасымалдау қағидаларына сәйкес анықталады.
Қосымша ақпарат алу үшін 1433 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуға немесе вокзалдың анықтама қызметіне жүгінуге болады.
Мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін жолаушыларға вокзалға алдын ала, кемінде 20–30 минут бұрын келу ұсынылады.



