Басты жаңалық
Жаңа «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Елімізде тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында жаңа «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама азаматтарға тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік беріп, әсіресе әлеуметтік осал топтар мен жас отбасыларға қолдау көрсетуді көздейді. Жоба 8 жылға жоспарланған.
Бастапқы жарна — 20 пайыздан басталады.
Несие мөлшерлемесі:
•Әлеуметтік осал топтар үшін — 7%
•Басқа азаматтар үшін — 9%
Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін беріледі.
Қарыздың ең жоғары сомасы:
•Астана мен Алматыда — 36 млн теңгеге дейін
•Басқа өңірлерде — 30 млн теңгеге дейін
Қандай тұрғын үй сатып алуға болады?
Бағдарлама аясында Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында бастапқы нарықтағы (жаңа салынған) тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бар.
Моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде қайталама нарықтан үй алуға да рұқсат етіледі, алайда бұл бағытқа бөлінетін қаржы шектеулі.
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың «Отбасы банк»-інде депозиті болуы қажет. Сонымен қатар өтініш берушінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмауы тиіс.
Бағдарламаға жыл сайын 200 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жалпы 8 жыл ішінде шамамен 68 мың қазақстандықты баспанамен қамту көзделіп отыр. Биылдың өзінде 12 мыңға жуық азамат жаңа пәтерге қол жеткізеді деп күтілуде.
Өтініштер «Баспана маркет» порталы арқылы қабылданады. Үміткерлер онлайн түрде тұрғын үйді таңдап, брондап, әрі қарай ипотекалық рәсімдеу кезеңіне өтеді.



