Париж стиліндегі батыл бастама: Астананың іскер аруы Әсел Нұрбек
Әсел алғашқыларының бірі болып, қазақтілді аудиторияға арналған сапалы мерекелік қызмет ұсынды. Әселдің басты ерекшелігі – күлімсіреу мен шынайылық. Ол мерекені тек қызмет ретінде емес, адамдардың өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі ретінде қабылдайды.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз елорданың дамуына үлес қосып жүрген, өз ісін сүйіп, табандылығымен табысқа жеткен арулар жайлы арнайы рубрика бастадық. Сол айдардың алғашқы кейіпкері — 1994 жылы туған, Астана қаласының тұрғыны, бірнеше ірі жобаны қатар алып жүрген іскер әйел Әсел Нұрбек.
Әсел мамандығы бойынша – журналист. Алайда студенттік жылдары ол аниматор болып жұмыс істеді. Ашық мінезі, сахнада еркін сөйлей алуы, балалармен тез тіл табысуы оның бұл салада ерекше қабілеті бар екенін аңғартты. Аниматор деген – тек кейіпкердің костюмін киіп шығу емес, ол – харизма, сахналық мәдениет, шынайы эмоция, балалардың жүрегіне жол таба білу. Әсел дәл осындай қасиеттерімен ерекшеленді.
Университетті аяқтаған сәтте ол «қай жолды таңдаймын?» деген маңызды шешім алдында тұрды. Сол кезде өзінің шын ұнататын ісі – мерекелерді әсем, эстетикалық деңгейде ұйымдастыру екенін түсінді. Осылайша ол бизнес ашуға бел буды. 2017–2020 жылдары елордада мерекелерді қазақ тілінде кәсіби түрде ұйымдастыратын, әлемдік мультфильм кейіпкерлерін қазақша сөйлететін аниматорлар өте аз еді. Әсел сол бағыттың алғашқыларының бірі болып, қазақтілді аудиторияға арналған сапалы мерекелік қызмет ұсынды. Бұл батыл қадам оны жас әрі табысты кәсіпкер қыздардың қатарына қосты.

Оның ең ірі жобаларының бірі – «Paris Kids» кеңістігі. Атауының өзі бекер таңдалмаған. Еуропалық стильде салынған үйлердің ортасында орналасқан бұл кешен ерекше атмосферасымен көз тартады. Әсел бұл кеңістікке Париждің эстетикасын, жеңілдігін, нәзік сұлулығын енгізгісі келді. «Paris Kids» бастапқыда балалар мерекесіне арналып ашылғанымен, бүгінде ол көпфункционалды үлкен кешенге айналған.
Кеңістік 400 шаршы метр аумақты қамтиды. Космос, ғарыш, планета суреттерімен безендірілген бір бөлек зал болса, қыз балаларға арналған арнайы безендірілген бөлме – қызғылт түсті әуе шарлармен, гүлдермен, қонжықтармен көмкерілген. Кіреберістен түзу қарағанда ойын залы орналасқан: батуттар, сырғанақтар, шарлар бассейні – балалар үшін нағыз ертегі әлемі. Мұнда аниматорлар балаларды мереке иесі қалағанынша 1,5-2 сағат бойы түрлі ойындармен, шоу бағдарламалармен қызықтырады. Ал ата-аналар бөлек залда жайлы отырып, дастархан басында әңгімелесіп, караоке айтып, демала алады.
«Paris Kids» — жабық форматтағы кеңістік. Яғни бір мереке кезінде зал тек бір отбасыға жалға беріледі. Сырттан бөтен адам кірмейді. Қауіпсіздік пен жайлылықты бағалайтын ата-аналар үшін бұл үлкен артықшылық.
Команда құрамында аспаздар, ұйымдастырушылар, официанттар, мобилографтар, фотографтар, аниматорлар бар. Балаларға арналған аквагрим, шеберлік сабақтары, фокус-шоулар тұрақты өткізіледі. Соңғы екі-үш жылда Рамазан айында ауызашар кештері, жаңа жылдық корпоративтер де ұйымдастырылып келеді. Яғни кеңістік тек балаларға емес, ересектерге де арналған әмбебап орталыққа айналған.

Әселдің тағы бір жобасы – «Euphoria» аниматорлар командасы. Бұл – арнайы дайындықтан өткен кәсіби аниматорлар тобы. Қала ішінде кез келген жерде мереке өткізгісі келетіндер осы командаға жүгінеді. Әсел өз шәкірттерін дайындап, олардың сахналық мәдениетін, балалармен жұмыс істеу әдістерін жетілдіріп келеді. Осы арқылы ол тек бизнес жүргізіп қана қоймай, жаңа мамандарды тәрбиелеп, жұмыс орындарын ашып отыр.
Бүгінде Әсел Нұрбек – бірнеше бағытты қатар алып жүрген, жүздеген адамға жұмыс беріп отырған табысты кәсіпкер. Оның әлеуметтік желідегі парақшасынан күн сайын мерекелерге дайындық, декорация, ұйымдастыру сәттері, клиенттердің қуанышты эмоциялары көрініп тұрады. Қазақ және орыс тілінде еркін жұмыс істеп, аудиториясымен ашық байланыс орнатқан.

Әселдің басты ерекшелігі – күлімсіреу мен шынайылық. Ол мерекені тек қызмет ретінде емес, адамдардың өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі ретінде қабылдайды. Сондықтан әр кешті дайындағанда бар жүрегімен кіріседі.
8 наурыз қарсаңында осындай батыл, еңбекқор, идеяға бай, эстетиканы бағалайтын, өз жолын өзі салған әйелдер туралы айту – біздің парызымыз. Әсел Нұрбек – заманауи қазақ іскер әйелінің жарқын үлгісі.
