Астана арулары: батылдық пен нәзіктік үйлесімі
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес – аса қырағылықты, төзімділік пен тәуекелді талап ететін күрделі сала. Осындай жауапты бағытта табандылық танытып, кәсіби шеберлігін дәлелдеп жүрген Нұргүл әріптестері арасында зор құрметке ие.


8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар туралы айту – ерекше құрмет. Солардың бірі – кәсібилік пен қайсарлықты, парасат пен мейірімділікті бойына тоғыстырған полиция подполковнигі Нұргүл Нұрланқызы Рахимова.
Нұргүл Нұрланқызы – Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқаратын тәжірибелі офицер. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2001 жылы бастап, антына адалдығын бір сәт те жоғалтпай келе жатқан білікті маман. Ол – Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Академия қабырғасында жүріп-ақ тәртіптілігімен, жауапкершілігімен көзге түсіп, взвод командирі болып тағайындалуы – оның табиғи көшбасшылығы мен батыл шешім қабылдай білетін қабілетінің айқын дәлелі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес – аса қырағылықты, төзімділік пен тәуекелді талап ететін күрделі сала. Осындай жауапты бағытта табандылық танытып, кәсіби шеберлігін дәлелдеп жүрген Нұргүл әріптестері арасында зор құрметке ие. Ол – дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат. Спорттағы шынығу оның мінезін бекемдеп, кез келген қиындыққа қайыспай қарсы тұруына негіз болған.

Төрт тілді еркін меңгерген білікті маман үшін әрбір іс – үлкен жауапкершілік. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, кәсіби біліктілігін жетілдіруді өмірлік қағидасына айналдырған. Қызметтегі қатаңдық пен талапшылдықтың артында – мейірімді ана жүрегі соғып тұр.
Нұргүл Нұрланқызы – үш қыздың ардақты анасы. Үлкен қызы бес тілді меңгерген, вокал өнеріне жақын талантты жас. Екінші қызы – каратэден спорт шеберлігіне кандидат, табандылығы анасынан дарыған. Кенже қызы – сурет өнерін сүйетін шығармашыл жан. Анасының бойындағы қайсарлық пен нәзіктік қыздарының тәрбиесінен де көрініс табады.
Астана арулары – тек әсемдік пен сұлулықтың символы ғана емес. Олар – ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген батыл офицер, спортта шыңдалған қайсар жан, отбасының ұйытқысы болған аяулы ана. Батылдық пен нәзіктіктің осындай үйлесімі – бүгінгі қазақ әйелінің шынайы келбеті.



