Қоғам

Астана арулары: жиһаз өндіруден жанына жайлылық тапқан Жадыра Исмаилова

Халықаралық мерекелер аясында елорданың еңбекқор, батыл әрі шабытты әйелдерін таныстыратын «Астана арулары» айдарының келесі кейіпкері – Жадыра Исмаилова. Ол – Астана қаласының тұрғыны, өз ісіне шын берілген кәсіпкер және интерьер саласында өзіндік қолтаңбасы бар шебер.

Жадыра Исмаилова жиһаз өндірісімен айналысады. Көпшілік бұл саланы көбіне ер адамдардың кәсібі деп қабылдауы мүмкін. Алайда Жадыра бұл түсінікті бұзып, әйел адамның да ауыр әрі жауапты өндірісте табысты еңбек ете алатынын дәлелдеп келеді. Оның жұмысы тек жиһаз құрастырумен шектелмейді. Керісінше, әр үйдің интерьерін толық ойластырып, бөлменің ерекшелігіне сай жиһаздың пішінін, үйлесімін және дизайнын әзірлеуден бастап, оны дайындап, орнатуға дейінгі барлық процесті қамтиды.

Кәсіпкердің басты мақсаты – әрбір үйге жайлылық пен әсемдік сыйлау. Сондықтан ол жасаған жиһаздар тек тұрмыстық қажеттілік емес, сонымен қатар үйдің атмосферасын қалыптастыратын маңызды элементке айналады. Жадыра әр тапсырысқа ерекше жауапкершілікпен қарап, клиенттің талғамын, отбасының қажеттілігін және үйдің интерьер стилін ескеріп жұмыс істейді.

Жадыраның бойындағы басты қасиеттердің бірі – қайсарлық пен еңбекқорлық. Ол – істің адамы. Кәсіпкер күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, өз бизнесінің дамуына бар күш-жігерін арнайды. Демалысқа қарағанда жұмысты, ізденісті және жаңа мүмкіндіктерді көбірек таңдайды. Оның айтуынша, кәсіпте табысқа жету үшін ең алдымен еңбек пен табандылық қажет.

Жадыра өз кәсібін бастағанда компаниясына «Көркем жиһаз» деген атау берген. Бұл – оның алғашқы әрі жүрегіне жақын жобасы. Бүгінде «Көркем жиһаз» арқылы дайындалатын өнімдер сапалы әрі әсемдігімен ерекшеленеді. Жиһаздар қымбат әрі берік материалдардан жасалып, заманауи дизайнмен үйлеседі.

Қазіргі таңда кәсіпкер елордадағы интерьер саласының ірі орталықтарымен және тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істейді. Солардың бірі – жоғары сегменттегі интерьер кеңістіктерін ұсынатын Lagom Wood орталығы. Мұндай серіктестіктер Жадыраның кәсіби тәжірибесін арттырып қана қоймай, оның өнімдерінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Жадыра Исмаилованың ерекше қырларының бірі – оның нәзік болмысына қарамастан, күрделі әрі жауапты жұмыстан қашпайтыны. Шамамен 45–50 килограмм ғана нәзік денесі бар бұл әйел үлкен бизнесті жүргізіп, ауыр еңбектен тайсалмай келеді. Ол «бұл әйелге ауыр», «бұл әйелдің қолынан келмейді» деген пікірлерге мән бермей, керісінше өз еңбегімен дәлел көрсетіп жүр.

Интерьер мен үйдің жайлылығы – әр отбасы үшін маңызды. Әсіресе, үйдің сәні мен атмосферасы әйел адамның көңіл күйімен тығыз байланысты. Сондықтан да Жадыра өз жұмысында әйел адамның талғамын, үйдегі жайлылыққа деген көзқарасын ерекше ескеруге тырысады. Оның ойынша, әйел адамның жан дүниесін түсіну – жайлы интерьер жасаудың басты кілті.

Осындай еңбекқор, қайсар әрі өз ісіне адал әйелдер елорданың дамуына да өз үлесін қосып келеді. Жадыра Исмаилова – солардың бірі. Оның табандылығы мен еңбексүйгіштігі көптеген жас кәсіпкерлерге, әсіресе әйелдерге үлкен шабыт беретіні сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button