Биіктікті бағындырған батыл қыз: кран операторы Феруза Туреханова

Құрылыс алаңында аспанмен таласқан алып крандардың кабинасында жұмыс істеу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Әсіресе бұл мамандық көбіне ер азаматтарға тән. Алайда осы стереотипті бұзып, биіктікте батыл еңбек етіп жүрген жандардың бірі – кран операторы Феруза Туреханова. Ол бұл салада жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде елордадағы көптеген құрылыс нысандарының бой көтеруіне үлес қосқан.
– Кран жүргізуші болуға қашан шешім қабылдадыңыз?
– Бұл мамандықты таңдауыма әкемнің кеңесі себеп болды. Бір күні ол кісі осы саланы байқап көруді ұсынды. Мен бала кезден биіктіктен қорықпайтынмын, сондықтан ойланып көріп, осы жолды таңдадым. Кейін бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Арнайы дайындықтан өтіп, кран операторы мамандығын меңгердім. Содан бері құрылыс саласында еңбек етіп келемін. Қазір осы мамандықта жұмыс істеп жүргеніме жеті жыл болды.
– Краншы болу үшін қандай білім немесе дайындық қажет?
– Ең алдымен арнайы оқу мен кәсіби дайындық керек. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін жетік білу өте маңызды. Биіктікте жұмыс істейтін болғандықтан, адам физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да дайын болуы тиіс.
– Жұмысыңыздың ең қиын тұсы қандай?
– Әрине, кран кабинасына көтерілу оңай емес. Оған жету үшін шамамен 20 минуттай уақыт кетеді. Әсіресе қыс мезгілінде арнайы киімдер мен қауіпсіздік құралдары ауыр болғандықтан көтерілу қиындай түседі.
– Ал ең қызықты, шабыт беретін жағы ше?
– Кран кабинасында отырған кезде бүкіл қаланы алақаныңдағыдай көресің. Астананың күн сайын өсіп, жаңарып жатқанын биіктен бақылау – ерекше сезім. Бұл жұмыстың ең шабыт беретін тұсы да сол шығар.
– Биіктікте жұмыс істеу қорқынышты емес пе?
– Жоқ, мен бала кезден биіктіктен қорықпаймын. Сондықтан бұл мен үшін үйреншікті нәрсе.
– Бір күндік жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Жұмыс күні таңғы сағат 7-де басталады. Алдымен міндетті медициналық тексерістен өтеміз. Краншының қан қысымы тұрақты болуы өте маңызды. Медбике рұқсат бергеннен кейін ғана биікке көтерілеміз. Кран кабинасына шығуға шамамен 20 минут уақыт кетеді. Түскі үзілісте төмен түсіп, қайта көтерілеміз. Кешкі сағат 8 шамасында жұмыс аяқталады. Кейде түнгі кезекшілікке де шығатын кездер болады.
– Қауіпсіздік ережелері қаншалықты қатаң?
– Өте қатаң. Біздің жұмысымызда қауіпсіздік – бірінші орында. Себебі бір ғана қателік үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
– Қандай жағдайда жұмыс тоқтатылады?
– Көбіне ауа райына байланысты. Мысалы, қатты жел болса, биікке көтерілуге рұқсат берілмейді. Сондықтан краншылар ауа райы болжамын үнемі бақылап отырады.
– Төтенше жағдайлар болды ма?
– Бақытымызға орай, үлкен төтенше жағдайлар болған жоқ. Себебі барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз.
– Басқа қыз-келіншектерге осы мамандықты ұсынар ма едіңіз?
– Иә, ұсынар едім. Қазір бұл салада қыздардың қатары көбейіп келеді. Егер адамда батылдық пен жауапкершілік болса, бұл мамандықты игеруге әбден болады.
– Табысы жақсы ма?
– Иә, табысы жаман емес. Бірақ бұл жұмыстың жауапкершілігі де үлкен екенін ұмытпау керек.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда қайырымдылықпен айналысқанды ұнатамын. Ал жұмыс кезінде кейде әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп, биіктегі жұмысымызды көрсетіп отырамын.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдағы уақытта да өз ісімді жақсы атқарып, тәжірибемді арттыра бергім келеді. Ең бастысы – жұмысты сүйіп істеу.
– Ең биік көтерілген нысаныңыз қандай болды?
– Мен құрылысына қатысқан ең биік нысан – 32 қабатты ғимарат.
– Астанада қанша ғимараттың құрылысына қатыстыңыз?
– Осы жеті жыл ішінде Астана қаласында 10 тұрғын үйдің құрылысына қатыстым.
– Соңғы сұрақ: жұмысыңыз сіз үшін нені білдіреді?
– Әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Краншы болу үшін мықты жігер мен үлкен жауапкершілік керек. Бірақ мен үшін ең үлкен қуаныш – өзім қатысқан ғимараттарды көру. Менің екі ұлым бар, бір ұлым менің мамандығыма қызығып жүр. Болашақта осы мамандықты таңдаса қарсы болмаймын. Ал ата-анам ауылдан келгенде сол нысандарды мақтанышпен көрсетемін. Ал күн сайын Астананы биіктен тамашалау – мен үшін нағыз бақыт.



