
Соңғы екі аптада Қазақстанда тұрғын үй, цифрлық қызметтер, көлік және қоғамдық қауіпсіздік салаларына қатысты бірқатар маңызды жаңалықтар жарияланды.
10 наурыздан бастап Отбасы банк арқылы жылдық мөлшерлемесі 7–9% болатын «Наурыз» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Бағдарламаға өтініш қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады. Бұл бастама азаматтарға баспана алу мүмкіндігін жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар, енді Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) толықтай онлайн рәсімдеуге болады. Қызмет eGov.kz порталында іске қосылды. Пайдаланушы жеке басын биометрия арқылы камера көмегімен растағаннан кейін, жүйе ЭЦҚ кілтін бірден шығарады. Осылайша халыққа бұрынғыдай ЦОН-ға барып, флешка қолданудың қажеті болмайды.
1 шілдеден бастап елде электросамокатты жалға алу ережелері қатаңдайды. Енді самокатты тек 18 жастан асқан және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады. Сонымен бірге, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру компаниялары зардап шеккендердің емделу шығындарын және үшінші тұлғаларға келтірілген материалдық зиянды өтейтін болады.
Астанада көптен күткен LRT жобасын биыл көктемде іске қосу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде желінің бір бөлігі ғана ашылады. Жүйеде пойыздар жүргізушісіз, автоматты режимде қозғалады, ал станциялар арасындағы болжамды уақыт 1,5–3 минут шамасында болады.
Дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында 1 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жаза қатаңдатылды. Енді мұндай әрекет үшін 2,1–4,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Цифрлық қызметтер қатарында тағы бір жаңалық – eGov.kz порталында автокөлікті автосалоннан алғаш рет тіркеу қызметі іске қосылды. Енді жаңа көлік сатып алған кезде дилермен келісімшарт жасалғаннан кейін, барлық тіркеу рәсімдері онлайн форматта шамамен екі сағат ішінде аяқталады.
Тағы бір жаңалық – Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы жолаушыларға билеттегі аты-жөні немесе әкесінің атындағы екі әріпке дейінгі қателікті тегін түзетуге мүмкіндік берді.
12 наурыздан бастап жол қауіпсіздігін бақылау күшейтіледі. Камералар мен дрондар қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон қолданған жүргізушілерді автоматты түрде анықтап, айыппұлды бірден тіркейтін болады. Сонымен қатар жүйе мемлекеттік дерекқорлар арқылы сақтандыру полисінің немесе техникалық байқаудың жоқтығын да автоматты түрде тексереді.
Мәдени жаңалықтар қатарында әлемге танымал әнші Enrique Iglesias Қазақстанда концерт өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге нақты қала мен күн жарияланған жоқ, ал билеттердің сатылымы туралы ақпарат кейінірек белгілі болады.



