ДенсаулықҚоғам

«Бір емес, екі өмірге жауаптымын» – 500 мың сәбидің кіндік анасы Роза Алимова

Роза Ерболатқызы – акушер-гинеколог, Қалалық перинатологиялық орталығының жүкті әйелдер патологиясы бөлімінің меңгерушісі. 22 жылдан астам уақытын босану бөлімінде өткізген білікті маман Астаналық сәбилердің өмірге келуіне куә болып, аналардың аман-есен перзентханадан шығуына үлес қосып келеді.

– Роза Ерболатқызы, акушер-гинеколог мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

9-сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласында мейірбике мамандығы бойынша колледжді аяқтадым. Кейін Ақтөбе қаласындағы медициналық академияға оқуға түстім. 5-курста мамандық таңдау уақыты келгенде акушер-гинеколог болуды жөн көрдік. Бұл – жауапкершілігі өте жоғары мамандық. Себебі бір емес, екі адамның – ана мен баланың өміріне сенің кәсібилігіңе байланысты.

– Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды?

Алғашқы қызметімді Қызылорда қаласындағы қалалық перзентханада бастадым. Сол жерде мол тәжірибе жинадым. 22 жыл бойы тек босану бөлімінде еңбек етіп келемін.

– Қанша баланың кіндік анасысыз?

Өзі босанған және ота жолымен босанған әйелдерді қоссақ, шамамен 500 мыңға жуық баланың кіндік шешесімін.

– Өзіңіз қанша бала тәрбиелеп отырсыз?

Үш баланың анасымын: екі ұл, бір қызым бар.

– Дәрігерлік жолыңызда ең үлкен қолдау көрсеткен адам кім?

Ең бірінші қолдау көрсеткен – анам. Әрдайым сенім білдіріп, жігер беріп отырды.

– Мамандығыңыздың ең қиын тұсы қандай?

Жүкті әйелдер асқынумен реанимацияға түскенде жүрегің ауырады. Кейде нәресте шетінеп кететін жағдайлар болады. Ананың қайғысын көру өте ауыр. Қиын босану немесе операция кезінде сол процесті жүрегімізден өткіземіз. Үйге келген соң да ойымыздың жартысы жұмыста жүреді. Әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз.

– Ал ең бақытты сәті?

Егер ана аман-есен босанып, баласымен бірге үйіне шықса – біз үшін одан асқан бақыт жоқ.

– Жауапты шешім қабылдауды талап ететін жағдайлар жиі бола ма?

Өте жиі болады. Мысалы, жедел жағдайда 15 минут ішінде отаға кіріп, тез шешім қабылдап, ана мен баланы аман алып қалуымыз керек. Сондықтан біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Жаңа хаттамаларды, протоколдарды қайта-қайта оқып, білімімізді жетілдіріп отырамыз.

– Босану кезінде әйелдерге ең маңызды қолдау қандай?

Қазір емханаларда тегін босануға дайындық мектептері бар. Бірақ әйелдердің барлығы бірдей қатыса бермейді. Толғақ кезінде біз сөзбен қолдау көрсетеміз, дұрыс тыныс алуды үйретеміз. Кейде әйелдер айқайлап, босқа күш жоғалтып алады. Сондықтан дұрыс бағыт беру өте маңызды.

– Акушерлердің мінезі қатал болады деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?

Бұл жұмысқа байланысты. Толғақ кезінде айтқанды тыңдамаса, кейде қаттырақ сөйлеуге тура келеді. Мысалы, қант диабетімен босанатын әйелдер диетаны сақтамауы мүмкін. Мұндайда тәртіп қажет. Қаталдық – жауапкершіліктен туындайды.

– Астана қаласы өміріңізде қандай рөл атқарады?

2011 жылы отбасымызбен Астанаға көшіп келдік. Қала бірден ұнады. Жаңа достар таптым. Ауа-райы да керемет. Тіпті осы қалаға келгелі аллергиямнан құтылдым.

– Егер мамандық таңдауға қайта мүмкіндік берілсе, кімді таңдар едіңіз?

Шынымды айтсам, тағы да акушер болар едім. Себебі әр сәбидің дүниеге келуі – ғажайып. Сол ғажайыптың бір бөлшегі болу – үлкен бақыт әрі үлкен жауапкершілік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button