Мәдениет

«Шолпанның күнәсі»: Қаликеде премьера

11–12 наурыз күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрерменге Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Шолпанның күнәсі» шығармасының желісі бойынша қойылған жаңа драманың премьерасын ұсынады. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева сахналаған.

Жаңа қойылым адам жанының терең иірімдерін, ер мен әйел арасындағы нәзік әрі күрделі байланысты сахна тілімен бейнелейді. Екі ғалам секілді екі болмыстың түйісуі, бірақ толық бір бола алмауы – спектакльдің негізгі философиялық өзегіне айналған. Әр адамның жалғыздығы, оның ішкі әлемі мен өмірден қалдырар ізі қойылымда көркем тілмен өріледі.

Спектакльдің қоюшы және киім суретшісі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шынар Елембаева. Пластика режиссері – Асан Борончиев, хореограф – Карина Жиренбаева.

Қойылымда басты рөлдерді екі құрамда Арай Омарова, Бегімнұр Қалила, ҚР «Серпер» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Қобыланды Болат, Қайыржан Садықов және Ерғұлан Жанпейісов сомдайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button