Қоғам

Астанада республикалық референдумға дайындық мәселесі талқыланды

2026 жылғы 10 наурызда республикалық референдумды әзірлеу және өткізу науқаны аясында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Жиында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу қорытындылары мен 15 наурызға тағайындалған референдумға дайындық барысы қаралды.

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, сыртқы істер, мәдениет және ақпарат, цифрлық даму және жасанды интеллект министрліктері басшыларының орынбасарлары қатысты. Сонымен қатар ТМД миссиясының байқаушылары мен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының референдумды бағалау миссиясының өкілдері болды.

Бейне-конференциялық байланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды. Отырыс комиссияның интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен тікелей эфирде көрсетілді.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарлары барысында елдің 20 өңірінде референдум учаскелерінің дайындығы тексерілгенін атап өтті. Атап айтқанда, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерін оқыту, халықты ақпараттандыру, есептен шығару куәліктерін беру және азаматтарды референдумға қатысушылардың тізімдерімен таныстыру жұмыстары қаралған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен кездесулер өткізілген.

Қазақстан заңнамасына сәйкес шетелдік байқаушылар Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы негізінде қатысады. Ал аккредиттеу рәсімі Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша жүзеге асырылады.

Осыған байланысты 2026 жылғы 12 ақпанда халықаралық байқаушылар институтын ашу туралы шешім қабылданып, аккредиттеу басталған. Рәсім 9 наурыз күні сағат 18:00-де аяқталды.

Аккредиттеу қорытындысы бойынша референдумды бақылауға 38 шет мемлекеттің және 11 халықаралық ұйымның 359 өкілі қатысады.

Олардың қатарында:

  • ТМД байқаушылар миссиясы;
  • ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобы;
  • ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы;
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) байқаушылар миссиясы;
  • Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқау миссиясы;
  • Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) байқаушылар миссиясы;
  • Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясының халықаралық байқау тобы;
  • Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) байқаушылар делегациясы;
  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК);
  • Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы;
  • Түркі академиясы.

Жиында сондай-ақ дауыс беру күніне дайындық жұмыстары, учаскелердің техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерін оқыту және халықты ақпараттандыру шаралары талқыланды.

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button