ДемалысМәдениет

«Өмір – қазына»: Астанада BIRLIK ансамблінің кеші өтеді

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «BIRLIK» ансамблінің «Өмір – қазына» атты хореографиялық спектакль-концерті өтеді. Ерекше форматтағы бұл қойылым көрерменге адам өмірінің мәнін, қазақ халқының дәстүрі мен дүниетанымын би арқылы жеткізуді мақсат етеді.

Концерттік бағдарламада адамның өмір жолын бейнелейтін бірнеше сахналық көрініс ұсынылады. Атап айтқанда, «Дүниеге келу», «Шілдехана», «Махаббат сахнасы», «Құда түсу», «Той. Беташар», «Ақсақал батасы», «Жер-Ана» сынды билер арқылы өмірдің маңызды кезеңдері мен ұлттық салт-дәстүрлер сахнада көрініс табады. Қойылым көрерменді қазақы дүниетанымға терең бойлатып, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтардың маңызын көрсетеді.

Спектакль-концерт «Astana sazy» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің музыкалық сүйемелдеуімен ұсынылады. Сонымен қатар сахна төрінде «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі мен «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының өнерпаздары өнер көрсетіп, кештің мазмұнын байыта түспек.

«BIRLIK» ансамблі – Қазақстандағы әртүрлі этностар мен мәдениет өкілдерін біріктірген алғашқы көпұлтты өнер ұжымдарының бірі. Ансамбль шығармашылығы арқылы халықтар достығын, мәдени алуандықты және ұлттық дәстүрлердің бірлігін насихаттап келеді.

«Өмір – қазына» қойылымы көрерменге тек би өнерін ғана емес, өмірдің мәнін, адам мен табиғаттың байланысын, салт-дәстүрдің рухани маңызын сезінуге мүмкіндік береді.

Іс-шара 13 наурыз күні сағат 20:00-де өтеді. Мекенжайы: Мәңгілік Ел даңғылы, 10/1.

Басқа жаңалықтар

Back to top button