Қоғам

Астанада Наурыз онкүндігі: қалада 200-ден астам іс-шара өтеді

Наурыз мейрамына орай Астанада 200-ден астам мәдени, спорттық және қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Биыл мерекені атап өтудің ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің қолданылуы. Қаладағы мерекелік алаңдарда роботтар мен интерактивті аймақтар орнатылып, тұрғындар мен қонақтар түрлі цифрлық әрі танымдық бағдарламаларға қатыса алады.

Наурыз мерекесіне арналған «Наурызнама» онкүндігі 14 наурызда Көрісу күні – Амал мерекесінен басталады. Бұл күні Достық үйінде ұлттық дәстүрлер көрсетіліп, ақсақалдар бата береді. Сонымен қатар ғылыми-этнографиялық конференция мен «Наурыз жылнамасы» көрмесі өтеді.

Сол күні «Ататүрік» саябағында мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылады. Мұнда арнайы AI алаңы ашылып, келушілер жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімдегі фотосурет жасап, оны QR-код арқылы жүктей алады.

14 наурызда «Хан Шатыр» сауда орталығында «Tartys Fest» спорттық фестивалі өтеді. Бағдарламада арқан тарту, турникке тартылу, қой көтеру және жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақ ойыны сияқты жарыстар ұйымдастырылады.

14-15 наурыз күндері қалада «Nauryz Sale» азық-түлік жәрмеңкелері өтеді. Онда жергілікті фермерлердің ет, сүт өнімдері, көкөніс-жеміс, бал және басқа да тағамдары тиімді бағамен ұсынылады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күні «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өтіп, жалғызбасты қарттар мен мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылады. Сонымен қатар «Тілек ағашы» жобасы арқылы демеушілер балалардың армандарын орындауға мүмкіндік алады.

16 наурыз Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні болып белгіленген. Бұл күні концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар және ұлттық тағам дайындау шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні отбасылық құндылықтарды дәріптейтін түрлі іс-шаралар, жас отбасыларға арналған байқаулар мен флешмобтар өтеді. Сонымен қатар көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қалада ұлттық киім көрсетілімдері, көрмелер және «Ұлттық киімдегі бір күн» челленджі ұйымдастырылады. Кейбір мейрамханаларда қонақтарға ұлттық киім киген роботтар қызмет көрсетеді.

19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні қалада тазалық акциялары, экологиялық бастамалар және түрлі челлендждер өтеді.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Елордада қазақ күресі, асық ату, садақ ату, көкпар, теңге ілу және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Қаладағы бірнеше алаңда концерттік бағдарламалар өтіп, ұлттық ойындар мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізіледі.

22 наурыз – Наурыз мейрамының негізгі күні. Қаланың басты алаңдарында концерттер, жәрмеңкелер және ұлттық спорт жарыстары өтеді.

Ал 23 наурыз Тазару күні ретінде белгіленген. Бұл күні елордада экологиялық акциялар ұйымдастырылып, аулаларды тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Наурыз мерекесінің негізгі күндері – 21 және 22 наурызда – елорданың алты ауданындағы 30-дан астам алаңда ұлттық спорт жарыстары өтеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button