Қоғам

Көлік салығын уақытында төлемегендерге қандай шара қолданылады?

2025 жылғы 5 наурыздағы мәлімет бойынша, Астана қаласында 60 393 салық төлеушінің көлік және мүлік салығы бойынша 3 млрд 89 млн теңге берешегі бар. Бұл туралы елорда әкімдігінің Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаменті өкілі Алтынгүл Тоқаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, қарыздың негізгі бөлігі көлік салығына тиесілі. Оның көлемі 2 млрд 750 млн теңге. Бұл азаматтардың көлік салығын уақытында төлеуі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін көрсетеді.

Қазақстанның Салық кодексіне сәйкес, көлік құралдарына салықты меншігінде көлігі бар жеке тұлғалар төлейді. Салық салу объектісі – Қазақстан аумағында тіркелген көлік құралдары (тіркемеден басқа).

Жеке тұлғалар көлік салығын келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі тиіс. Салықты есептеу кезеңі – 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейінгі бір жыл.

Салық органдары әр жылдың 1 сәуірінде салық сомасын есептеп, оны төлеу туралы ақпаратты салық төлеушілерге ұсынады. Егер төлем жасалмаса, азаматқа берешек туралы хабарлама жіберіледі.

Хабарлама алғаннан кейін қарызды ерікті түрде өтеуге 30 жұмыс күні беріледі. Егер осы уақыт ішінде қарыз өтелмесе және оның мөлшері 1 АЕК-тен асса, салық органы салық бұйрығын шығарады.

Егер бұдан кейін де төлем жасалмаса, іс сот орындаушыларына беріледі. Бұл жағдайда қарызға қосымша шығындар қосылады. Мысалы, сот орындаушысының қызметі үшін өндірілетін соманың 25%-ына дейін төлемалынуы мүмкін.

Сот орындаушылары борышкерлерге мынадай шаралар қолдана алады:

  • банктік шоттарды бұғаттау;
  • мүлікке тыйым салу;
  • мүлікті тәркілеу;
  • мүлікке билік етуге шектеу қою.

Егер қарыз 3 айдан астам уақыт өтелмесе және оның мөлшері 40 АЕК-тен асса, азаматқа шетелге шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

Салық органдары азаматтарға салық қарызын алдын ала тексеріп, төлемдерді уақытында төлеуді ұсынады. Себебі салықтарды уақтылы төлеу бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымы мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға көмектеседі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button