Наурыз Life: бес баланың анасы ұлттық әшекей бұйым жасаудың шебері
Әдемі Ақболатқызы – бес баланың анасы әрі «Aidami» бренді арқылы ұлттық нақыштағы әшекейлер жасайтын шебер. Оның қолынан шыққан әр бұйым тек сәндік зат қана емес, қазақтың дәстүрі мен тарихын сездіретін кішкентай өнер туындысы іспеттес.
Балалық шақтан бастап қолөнерге жақын болған Әдемі мектеп кезінде моншақпен білезік, түрлі әшекейлер тоқып, кейде адам аттарын жасайтын. Сол кезде туысқандары мен достарына сыйлап, шығармашылыққа деген қызығушылығы артқан. Отбасындағы әжесі мен ата-анасының қолөнерге деген жақындығы оның шеберлікке деген талпынысын күшейтті.
Декреттік демалыс кезінде бос уақытын тиімді пайдаланып, Әдемі кәсіби түрде әшекей жасауды қолға алған. Бір тойға дайындалып жүргенде cіңлісі қазір «сотуарлар» сәнде деген. Ол бірден өзіне ұлттық нақыштағы әшекей жасап, оны әлеуметтік желіде бөліскен. Сол сәттен бастап тапсырыстар келе бастаған. Осылайша «Aidami» бренді дүниеге келген.
Бренд атауы төрт қызының есімдерінің алғашқы әріптерінен құралған. Әдемі бұл қысқартуды таңдаған себебі – атаудың қарапайым әрі есте қаларлық болуы, сонымен бірге әрбір бұйымда отбасының махаббаты мен бірлігін бейнелеу. «Aidami» әр бұйымның тек әшекей ғана емес, ұлттық дәстүр мен отбасының тарихын сақтап қалу мақсатында жасалғанын білдіреді.
Қазір Әдемі жасаған әшекейлер сұранысқа ие. Көбіне қыз-келіншектер ырымдап, тұрмысқа шығуға немесе отбасыға байланысты арнайы символдық бұйымдарды таңдайды. Мысалы, жас қыздар шаңырақ бейнесіндегі әшекейлерді, келіншектер қарлығаш бейнесін таңдайды. Әшекейлер жеңіл, көлемі үлкен емес, күнделікті өмірде де қолдануға ыңғайлы, сондықтан ұлттық үлгідегі әшекейлер соңғы уақытта сәнге айналған.
Шебер үшін басты шабыт – тапсырыс берушілердің ризашылығы мен алғысы. Көбіне егіз әрі кенже балалар ұйықтап жатқанда тыныш сәтті пайдаланып, жаңа бұйымдарды ойластырады. Ортаншы қызы Айзере анасына көмектеседі, кейде шығармашылық идеялар ұсынады. Бес баланың анасы ретінде Әдемі отбасын бірінші орынға қояды, ал кәсібін балалар өскен соң кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Aidami» арқылы Әдемі ұлттық дәстүр мен заманауи сәнді үйлестіріп, әр әшекейге өз шығармашылығы мен махаббатын қосады. Әр бұйым – тек өнім емес, ата-бабадан қалған мәдени мұра, отбасының махаббаты мен шығармашылық дәстүрдің көрінісі. Осылайша ол әр тұтынушыға тек әдемі әшекей емес, мағына мен тарихты да сыйлайды.
Әдемі 2011 жылдан бері отбасымен Астанада тұрады. Қазір тек Астаналық қана емес барлық өңірден оның ұлттық нақыштағы әшекейлеріне сұраныстың артып келе жатқаны оны қуантып, шабыт береді.



