Наурызнама: мерекелік онкүндік Көрісу күнінен басталады

Көктемнің ең басты мерекесі – Наурыз мейрамын атап өту аясында Астанада 200-ден астам мәдени, спорттық және танымдық іс-шара ұйымдастырылады. «Наурызнама» атты мерекелік онкүндік 14 наурыз – Көрісу күнімен басталады.
Бұл күні елорданың саябақтары мен ашық алаңдарында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін мәдени бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар мен түрлі акциялар өтеді.
14 наурыз күні сағат 10:00-де №13 орта мектептің (Өндіріс тұрғын алабы, Шалкөде көшесі, 5) оқушылары «Көрісу күні – Амал мерекесі» акциясын ұйымдастырады. Оқушылар шағын ауданда тұратын ардагер ұстаздарды, зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлерін арнайы барып құттықтайды. Осылайша олар үлкен буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, алғыс білдіреді.
Мектеп оқушылары қонақтарға торттар мен тәттілер салынған себеттер табыстап, педагогика саласының ардагерлерімен әңгімелеседі. Шараның мақсаты – ұлттық дәстүрлерді насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жастардың үлкендерге деген құрметін арттыру.
Сол күні сағат 14:00-де Астана қаласының Достық үйінде «Ұлы Еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ұлттық киімдегі мерекелік бағдарлама өтеді. Іс-шара қазақ халқының салт-дәстүрлері мен құндылықтарын танытуға және этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған.
Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясының елордалық этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысады. Театрландырылған бағдарлама барысында қазақ әндері орындалып, түрлі ұлттардың ұлттық тағамдары ұсынылады. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері көрісу дәстүрін көрсетіп, көпшілікке ақыл-кеңесін айтып, бата береді.
Көрісу рәсімі – қыстан кейін адамдардың бір-бірімен қауышуын білдіретін, үлкенге құрмет көрсетіп, ренішті ұмытып, бірлік пен мейірімділікті дәріптейтін тағылымды дәстүр.
Наурыз мейрамын халықтың көне мәдени коды ретінде кеңінен таныстыру мақсатында «Наурыз жылнамасы» атты ғылыми-этнографиялық конференция мен көрме де ұйымдастырылады.
14 наурыз күні сағат 12:00-16:00 аралығында Ататүрік саябағында «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты үлкен мәдени бағдарлама өтеді. Оған мәдениет қайраткерлері, елордалық білім беру ұйымдарының балалар ұжымдары және этномәдени орталықтардың шығармашылық топтары қатысады.
Іс-шара барысында заманауи AI-аймақ жұмыс істейді. Цифрландыру жылы аясында әзірленген «Наурызбай» және «Наурызай» атты жасанды интеллект аватарлары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламалар, сондай-ақ Наурыздың тарихы мен дәстүрлері туралы ақпарат береді.
Сондай-ақ ұлттық музыкалық аспаптар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады.
Сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Tartys Fest» спорттық ойындар фестивалі басталады. Жарысқа спортшылармен қатар қала тұрғындары мен қонақтары да қатыса алады. Бағдарламада арқан тарту, кермеде тартылу, қой көтеру және жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақ ойнау сияқты сайыстар қарастырылған.
Фестивальге 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Қатысу тегін, тіркеу жарыс басталар алдында сол жерде жүргізіледі. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталады.
Бұл шара ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және тұрғындарды белсенді спорттық іс-шараларға тартуға бағытталған.
Сонымен қатар сағат 12:00-де Сарыарқа ауданындағы Қорғалжын скверінде спорттық-шығармашылық бағдарлама өтеді.
Ал Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 14–18 наурыз аралығында халық ертегілерінің желісімен қойылған «NAURYZ-2026» мерекелік театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылады.
Бұдан бөлек, 14 және 15 наурыз күндері Астанада «Nauryz Sale» атты ірі азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылады.



