ҰБТ-да 140 балл жинаған түлектің есімі анықталды

Наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) Қазақстан бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен түлек анықталды. Бұл жолы 140 балл жинаған рекордтық көрсеткіштің иегері – Абай облысының тумасы Сайлауов Ерасыл болды.
Ерасыл – Абай облысы Бородулиха ауылының тумасы. Ол қазіргі уақытта Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі мен Тарих мектебі білім беру орталығы түлегі. Наурыз айындағы ҰБТ-да ол барлық пәннен жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 140 балл жинады. Бұл – тестілеу кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Нәтижесінде ағылшын тілі пәнінен 50 баллдық конвертация жасалды.
Ерасылдың айтуынша, жоғары нәтижеге жетудің басты сыры – тұрақты дайындық пен уақытты дұрыс жоспарлау. Оның бос уақытының көп бөлігі кітап оқуға және шет тілдерін меңгеруге арналады. Тіл үйренуге деген қызығушылығы ерте байқалған: ол 10-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ IELTS халықаралық емтиханын тапсырған.

Сонымен қатар Ерасыл тек білімге ғана емес, спортқа да көңіл бөледі. Ол бос уақытында волейболмен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады.
Дарынды түлектің алдағы мақсаты – негізгі ҰБТ-да да дәл осы нәтижені қайталап, 140 балл жинау. Сондай-ақ ол болашақта «Дипломатия» мамандығы бойынша мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, халықаралық қатынастар саласында білім алуды көздейді.

Жас талапкердің бұл жетістігі ауыл жастарының да үлкен мақсаттарға жете алатынын көрсетеді. Ерасылдың табандылығы мен еңбегі көптеген оқушыға мотивация берері сөзсіз.



