Мәдениет

Наурыз Life: 5 мың адам, бір әуен – Наурыздағы ерекше жоба

Наурызнама онкүндігі аясында елордада «Ұлттық үн» атты ауқымды мәдени жоба өтті. 5 мыңнан астам қатысушы бір мезетте қазақтың дәстүрлі әуендерін орындап, ұлттық өнердің терең тамыры мен рухани қуатын айқын көрсетті.

Редакциямыз мерекеге арналған Наурыз Life сериясын жалғастырады. Бұл жолы біз елордада өткен ең ауқымды мәдени жобалардың бірі – «Ұлттық үн» туралы баяндаймыз.

Астанада 5 мыңнан астам адамның қатысуымен қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының үні тоғысқан ерекше іс-шара өтті. Жоба Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып, ұлттық мәдени мұраның байлығы мен тереңдігін кеңінен танытты.

Көне аспаптар үні

Музыкалық композицияда ұлттық мәдениетте ерекше орын алатын көне аспаптардың үні жаңғырды. Олардың қатарында уілдек, керней, тастауық, сазсырнай, жетіген, дауылпаз, дабыл және шаңқобыз бар.

Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл аспаптар халықтың рухани әлемін, кең даланың үнін және дәстүрлі өнердің сұлулығын жеткізеді. Әрбір дыбыс – ұлттық болмыстың, тарих пен мәдениеттің айнасы.

5 мың адамның бір әуені

Іс-шара барысында 5 мыңнан астам қатысушы бір мезетте қазақтың әйгілі «Шернияз» күйін және «Наурыз» әнін орындады.

Мұндай ауқымдағы бірлескен орындау ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнерге деген құрмет пен дәстүр сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.

Кәсіби деңгейдегі орындау

Жобаның жоғары деңгейде өтуіне белгілі өнер қайраткерлері үлес қосты. Қатысушыларға Қазақстанның халық әртісі, көрнекті күйші әрі дирижер Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дархан Рахымғалиев және халықаралық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев дирижерлік етті.

Іс-шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Жобаға Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты шығармашылық ұжымдар, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Р.Бағланова атындағы «Qazaqconcert» ұйымы, Ұлттық ұлан оркестрі, Ұлттық әскери-патриоттық орталық оркестрі және жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.

Ұлттық рухтың үні

«Ұлттық үн» жобасы Наурыз мерекесінің мәнін терең ашып, қазақ халқының музыкалық және мәдени мұрасының бірегейлігін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button