Мәдениет

Наурыз Life: Асық – 18 мың баланы біріктірген ұлттық ойын

Наурызнама онкүндігі аясында Астанада Ұлттық спорт күні ерекше форматта аталып өтті. Қала бойынша бір мезетте 18 мыңнан астам бала қазақтың дәстүрлі асық ойынын ойнап, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісін көрсетті.

Редакциямыз Наурыз мерекесіне арналған Naурyz Life сериясын жалғастырады. Бұл жолы біз Ұлттық спорт күні аясында өткен ерекше мәдени-спорттық іс-шара туралы баяндаймыз.

Астанада 18 мыңнан астам бала бір уақытта қазақтың ең танымал ұлттық ойындарының бірі – асық ойнады. Ауқымы кең бұл шара Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылып, Цифрландыру жылы аясында өтті.

«Алтын сақа» флешмобы

Іс-шараның басты көріністерінің бірі – «АЛТЫН САҚА» флешмобы болды. Оған 3000 бала қатысып, арнайы композицияға тұрып, асықтың «алшы» түсу қалпын және «Алтын сақа» жазуын бейнеледі.

Музыкалық сүйемелдеумен балалар флешмобтың көркем мазмұнын ашатын түрлі би қимылдарын орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Жасанды интеллект жүргізген бағдарлама

Шараның тағы бір ерекшелігі – бағдарламаны толықтай Айдар есімді жасанды интеллект жүргізді.

Флешмоб аяқталған соң, дәл осы жасанды интеллект қаладағы барлық білім беру ұйымдарында – мектептер мен балабақшаларда – асық ойынының басталғанын ресми түрде жариялады.

Оның белгісімен бір мезетте 18 мыңнан астам бала бүкіл қала бойынша асық ойнауға кірісті.

Дәстүр мен заманауидың үйлесімі

Ауқымды мәдени-спорттық шараның негізгі мақсаты – асық ойынын кеңінен насихаттау, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру және жас ұрпақтың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыру.

Осындай бастамалар ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі заманмен үйлестіріп, жаңа буынға жақын әрі түсінікті форматта жеткізуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button