Қоғам

19 наурыз – Жаңару күні: қандай шаралар өтеді?

19 наурыз – жаңару күні елорда өмірінде ерекше мәнге ие күндердің бірі. Бұл күні Астанада тазалық, жаңғыру және жауапкершілік идеялары аясында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қала кәсіпкерлері «Жауапты бизнес – жаңарған қала» ұранымен түрлі нысандар мен ғимараттардың аумағын тазалап, ретке келтіруге атсалысады. Бұл бастама қаланың көркін жақсартып қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Жаңару күніне орай №2 көпсалалы қалалық ауруханада да ерекше шара өтеді. Мұнда жаңа туған сәбилердің құрметіне отырғызылатын ағаштардың орналасқан жері көрсетілген QR-коды бар сертификаттар табысталып, нәрестелерге арналған цифрлық бесіктер салтанатты түрде табысталады. Бұл игі дәстүр болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың белгісі ретінде ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елорданың тұрғын үй кешендерінің аулаларында ауқымды қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қала тұрғындары да бұл іске белсене қатысып, ортақ ортаға жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетеді.

Білім беру ұйымдары да бұл күннен тыс қалмайды. Балабақшаларда, мектептерде және жоғары оқу орындарында «Өзіңнен баста» атты тазалық челленджі бастау алады. Бұл бастама жас ұрпақты тәртіпке, ұқыптылыққа және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.

Жаңару күні аясында аудан мектептерінің оқушылары үшін танымдық шаралар да ұйымдастырылады. Олар виртуалды көзілдіріктердің көмегімен болашақ мамандықтармен танысып, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін көруге мүмкіндік алады.

Осылайша, Жаңару күні елорда тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіріп, тазалық пен жаңғыру құндылықтарын дәріптейтін маңызды мерекелік күн ретінде атап өтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button