Астанада Ұлттық киім күніне орай зейнеткерлер шеруі өтті
18 наурыз күні елордада Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық киім күні» ерекше форматта аталып өтті. Есіл ауданында зейнеткерлердің дәстүрлі шеруі ұйымдастырылып, бұл шара екінші жыл қатарынан өткізілді.
Іс-шараға Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан шамамен 80-ге жуық зейнеткер қатысты. Олар ұлттық киім киіп, Есіл ауданының басты көшелерінің бірімен жүріп өтті. Қатысушылар қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық нақыштағы киімдердің әсемдігін көпшілікке паш етті.
Шеру барысында аға буын өкілдері өздерінің белсенді өмір салтын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығының маңызын көрсетті. Көрермендер үшін бұл көрініс ерекше әсер қалдырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түсті.
Іс-шара соңында қатысушылар арнайы флешмоб ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Зейнеткерлердің бұл шеруі елорданың мәдени өміріндегі жарқын әрі мәні зор оқиғалардың біріне айналды.



