Цифрлық болашақ: Енді мамандықты VR арқылы таңдауға болады

«Жаңару күні» мерекесі аясында Есіл ауданында мектеп оқушыларына арналған виртуалды шындық технологияларын қолдана отырып ерекше кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өтті. Жоғары сынып оқушылары болашақ мамандықтарын таңдап, өздерін түрлі бағытта сынап көрді. Қатысушылар интерактивті цифрлық ортаға еніп, VR форматында тәжірибелік дағдылар алды және өз таңдауларын жасады.
Білім беру үдерісінде инновациялық технологияларды қолдану – саналы, цифрлық сауатты және заманауи әлемнің сын-қатерлеріне дайын жаңа буынды қалыптастыру бағытын көрсетеді. Осындай форматтар арқылы оқушылар тек өз көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жеке қызығушылықтары мен тәжірибесіне сүйене отырып, болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасайды.
География пәнінің мұғалімі Айжан Орынбаева бұл әдістің тек ойын емес екенін атап өтті:
«Бұл тек ойын үшін емес. Біз 3D, 5D құрастыру, жасанды интеллект элементтерін сабақта қолдана аламыз. Оқушылар VR көзілдіріктер арқылы жоба жасап, модельдеуге қол жеткізе алады», – деді ол.
«Жаңару күні» жаңару мен алға ілгерілеудің символы болып табылады, яғни адам капиталын дамыту, жастардың әлеуетін ашу және ел болашағына инвестиция салу деген сөз. Өскелең ұрпақтың білім мен технологияға деген қызығушылығын қалыптастыра отырып, қоғам тұрақты әрі прогрессивті дамудың берік негізін қалайды.



