MIT-ті мойындатқан астаналық дарын

Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егенбергенова әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Массачусетс технологиялық институтына (АҚШ) оқуға қабылданды.
Бұл жетістік қазақстандық оқушылардың халықаралық білім кеңістігіндегі жоғары бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Себебі MIT-ке түсу – әлемдегі ең күрделі іріктеулердің бірі саналады. Биыл оқу орнына 29 мыңнан астам талапкер өтініш білдірсе, соның тек 4–5 пайызы ғана қабылданған. Ал шетелдік үміткерлер үшін бұл көрсеткіш тіпті төмен – шамамен 2 пайызды құрайды.
Нұргүлдің жоғары академиялық көрсеткіштері мен зияткерлік әлеуетін тек MIT ғана емес, әлемнің үздік университеттері де жоғары бағалаған. Ол халықаралық рейтингтің топ-100 жоғары оқу орны қатарына кіретін бірнеше беделді университеттерден шақырту алған. Атап айтқанда, Канададағы University of British Columbia, Гонконгтағы Hong Kong University of Science and Technology, Франциядағы École Polytechnique, Оңтүстік Кореядағы Korea Advanced Institute of Science and Technology және Ұлыбританиядағы University of Warwick оқу орындары оны өз студенттері қатарынан көргісі келеді.
Айта кету керек, Нұргүл Егенбергенова бұған дейін де білім мен ғылым саласындағы жетістіктері үшін жоғары деңгейде марапатталған. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, арнайы сыйақы сертификатына ие болған.
Осылайша, елордалық оқушының бұл табысы жас буынға үлкен мотивация беріп, отандық білімнің әлеуетін халықаралық деңгейде таныта түсті.



