Ұлттық код және жас буын: спорт мекемелері бір алаңда бас қосты
Наурызнаманың онкүндігі аясында Астанада өткен «Ата салтым – асыл қазынам» атты спорттық-танымдық іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жаңа форматын ұсынды. Бұл жолы сахнада тек өнер емес, тәрбие, тарих және ұрпақ сабақтастығы қатар өрілді.
Ұлттық дәстүр – сахнада, тәрбие – жүректе
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелер бірлесіп ұйымдастырған бұл шара мазмұны жағынан ерекше болды. Көрермендерге қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері сахналық қойылым арқылы ұсынылды.
Бағдарлама аясында «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Сырға салу», «Қыз ұзату», «Құйрық-бауыр асату», «Бата беру» секілді дәстүрлер көрініс тапты. Әрбір қойылымда тек рәсім ғана емес, оның астарындағы тәрбиелік мән мен рухани тереңдік те жеткізілуге тырысты.
Жастарға бағытталған қадам
Іс-шараның басты ерекшелігі – оған жас спортшылардың белсенді қатысуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – дәл осы жас буынға ұлттық мұраны таныстыру.
Ержігіт Қалдыбайұлы, Астана қаласы әкімдігінің спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшы орынбасары:
– Наурызнаманың онкүндігі аясында Астана қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 6 мекеменің бірлесіп ұйымдастырып отырған шарасы. Тәрбиелік мәні зор шарасы болады деп сенеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – байқағандарыңыздай жас спортшыларымыз қатысып отыр, соларға салт-дәстүрлерімізді кеңінен таныстыру. Сонымен қатар ұжымдық ауызбіршілікті арттыру, ұйымдар арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шараға елордадағы алты ірі спорттық ұйым атсалысты. Атап айтқанда:
- Олимпиадалық резерв дайындау орталығы
- Жоғары спорт шеберлігі мектебі
- Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы
- Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы
- №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі
- №10 шайбалы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі
Әртүрлі бағыттағы бұл мекемелердің бір сахнада тоғысуы – ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ортақ құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Дәстүрдің жаңа форматы
Шараның тағы бір маңызды қыры – дәстүрлердің сахналық, заманауи форматта ұсынылуы. Бұл тәсіл әсіресе жастар үшін түсінікті әрі қызықты болды.
Бүгінгі буын үшін дәстүр тек кітапта жазылған ақпарат емес, көзбен көріп, сезінетін тәжірибеге айналуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бұл іс-шара – ұлттық кодты жаңаша жеткізудің сәтті үлгісі.



