21–22 наурыз: Астанада қайда барамыз?

Астанада 21–22 наурыз күндері Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. Негізгі іс-шаралар қаланың басты алаңдарында ұйымдастырылады: қала әкімдігі алдындағы алаң, Қазақ елі монументі маңы, Астана Аренаавтотұрағы, Ататүрік саябағы, Astana Music Hall аумағы және ЭКСПО кешені.
Сонымен қатар, қала аудандарындағы тұрғын алаптарда концерттер, интерактивті ойындар мен отбасылық бағдарламалар өтеді. Барлық негізгі алаңдарда фуд-корттар, ұлттық тағамдар мен қолөнер жәрмеңкелері, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Қонақтар қазақ күресі, садақ ату, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатыса алады.
Биыл мерекенің ерекшелігі — жасанды интеллект пен робот техникасы енгізілген интерактивті аймақтар. Келушілер цифрлық технологияларды сынап көріп, олардың ұлттық дәстүрлермен үйлесімін тамашалай алады.
Есіл ауданындағы негізгі орталық — ЭКСПО аумағы. Мұнда 20–22 наурыз аралығында ауқымды бағдарлама өтеді: алты тақырыптық киіз үй, VR-аймақтар, роботтар көрмесі, инклюзивті жәрмеңкелер және қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сағат 13:00-ден бастап басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті өтеді.
21 наурыз күні Халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» ашылып, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қонақтарды ұлттық тағамдар, концерттік бағдарлама, фотоаймақтар және интерактивті кеңістіктер күтеді. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі мен ұлттық спорт ойындары өтеді.
Қаланың әр ауданында өз мерекелік бағдарламасы бар:
-
Нұра ауданында негізгі іс-шаралар Астана Арена маңында өтеді
-
Сарайшық ауданында — Қазақ елі монументі алаңында
-
Байқоңыр ауданында — Ататүрік саябағы аумағында
-
Алматы ауданында — Astana Music Hall және «Жерұйық» саябағында
-
Сарыарқа ауданында — қалалық алаңда
Барлық алаңдарда таңғы сағат 10:00-ден бастап бағдарламалар басталып, концерттер күндізгі уақытта жалғасады. Көрермендер үшін театрландырылған қойылымдар, ұлттық дәстүрлер көріністері, заманауи шоу-бағдарламалар және дрон-шоу ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында қала бойынша 200-ден астам іс-шара өтуде.



