21–22 наурызда қай көшелер жабылады?

Астанада 21–22 наурыз күндері Наурыз мейрамы аясында қаланың негізгі алаңдарында ауқымды іс-шаралар өтеді. Мерекелік бағдарламалар қала әкімдігі алдындағы алаңда, Қазақ елі монументі маңында, Астана Арена аумағында, Ататүрік саябағы, Astana Music Hall алаңында және ЭКСПО кешенінде ұйымдастырылады.
Мереке күндері тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар уақытша шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, 21–22 наурыз күндері Астана Арена стадионы маңында көлік қозғалысы шектеледі. Шектеу «Алау» мұз сарайы жақ беттегі көше мен стадионның шығыс жағындағы жолдарды қамтиды.
Қозғалысқа қойылатын шектеулер сағат 10:00-ден бастап мерекелік іс-шаралар аяқталғанға дейін күшінде болады.
Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында елордада 200-ден астам түрлі іс-шара өтіп жатыр. Олардың қатарында концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары мен дәстүрлі мәдени бағдарламалар бар.
Осыған байланысты жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша өзгерістерді ескеру ұсынылады.



