Қоғам

Астана әуежайы ТМД мен Орталық Азияда №1

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы World Airport Awards 2026 нәтижесі бойынша Орталық Азия және ТМД өңіріндегі үздік өңірлік әуежай атанды.

Бұл – әуежайдың аталған санаттағы төртінші жеңісі. Жетістік қызмет көрсету сапасының тұрақтылығын және жолаушылардың жоғары бағасын көрсетеді.

Skytrax компаниясының бас директоры Эдвард Плейстед бұл марапат жолаушылар сенімі мен мойындауының айқын дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әуежай өңірдегі позициясын нығайтып, сапалы әрі жайлы қызмет көрсетуді жалғастырып келеді.

World Airport Awards – жолаушылар арасында жүргізілетін тәуелсіз жаһандық сауалнамаға негізделген беделді сыйлық. Бағалау барысында тіркеу, қауіпсіздік тексеруі, инфрақұрылым, сервис және отырғызу үдерістері қамтылады. Биыл зерттеуге 100-ден астам елден қатысушылар тартылып, 565-тен астам әуежай бағаланды.

Әуежай бұл марапатты қол жеткізілген деңгейдің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар Skytrax Top 100 Airportsрейтингіне енуге дайындықтағы маңызды қадам ретінде қарастырады.

Биыл халықаралық әуе хабын дамытуға бағытталған жаңа тұжырымдама бекітілді. Алдағы жылдары әуежай қызметін халықаралық бағалаудың 800-ден астам критерийіне сәйкестендіру жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button