Мәдениет

Астананың «Арғымақ» кешенінде ұлттық ат спорты дәріптелді

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдік өнерлер өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына шынайы дала мерекесінің ерекше атмосферасын сыйлады.

Ауқымды шара Наурызнама онкүндігі аясындағы Спорт күніне орай ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама көшпелі өркениеттің бай мұрасын жаңғыртып, күш, ептілік пен намыс қатар жүретін ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды.

Келушілерге ұлттық ат спортының ең әсерлі түрлері ұсынылды. Атап айтқанда, жүйрік атпен қызды қуып жетуді көздейтін қыз қуу ойыны, ат үстінде шауып келе жатып жерден теңге ілу шеберлігін көрсететін теңге ілу, командалар серкенің тушасы үшін тартысқа түсетін көкпар, сондай-ақ ат үстіндегі тартысқа негізделген аударыспақ ойындары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір көрсетілім көрермендердің зор қошеметімен сүйемелденді.

Фото: Сұлтан Сеитов

«Арғымақ» ипподромының директоры Аманжол Хасенов ұлттық спорт түрлері жай ғана жарыс емес, халқымыздың мәдени кодының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

— Баршаңызды Спорт күнімен құттықтаймын! Бұл мерекені біз Наурыз қарсаңында атап өтіп отырмыз. Біздің мақсатымыз — тек ойындарды көрсету емес, олардың терең мәнін жеткізу. Бұл — халқымыздың өмір салты. Бүгінгі шараға түрлі ұлт өкілдері қатысуда: қазақтар, әзербайжандар, ингуштер, немістер. Бұл ойындар баршамызды біріктіреді, себебі олар Қазақстандағы ортақ мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Қазіргі таңда ұлттық ат спорты қарқынды дамып келеді. Өткен жылы олар олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басым бағыттардың қатарына енгізілді. Бұл — мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар екенін білдіреді. Әр ойынның өзіндік философиясы бар. Мысалы, қыз қуу — жай ғана қуып жету емес, онда ер азаматтың қызға лайық екенін дәлелдеуі, күш-жігері мен ептілігін көрсетуі жатыр. Жалпы, бұл ойындардың барлығы тек физикалық дайындықты емес, тарихымызды, мәдениетімізді және ата-бабамыздан қалған мұраны паш етеді, — деді ол.

Көрсетілімдік өнерлерден кейін қонақтарға мерекелік палау ұсынылып, шара достық пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button