Мәдениет

Астанада асық атудан алғашқы инклюзивті турнир өтті

Наурыз мерекесі қарсаңында Астанада ұлттық ойын — асық атудан алғашқы инклюзивті турнир ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен заманауи спорттық тәсілдерді ұштастырған ерекше жоба жүзеге асты.


Іс-шара Инклюзивті спорт орталығы базасында, Хусейн бен Талал мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында өтті. Турнирге көрермендер көптеп жиналып, ерекше атмосфера қалыптасты. Ұйымдастырушылар — Қазақстан бочча федерациясы мен Sport Culture қоғамдық бірлестігі.

Жарыстың басты ерекшелігі — оның инклюзивті форматта өтуі. Ойын барысында арнайы үлкейтілген асықтар қолданылып, бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуына жол ашты. Турнир басталар алдында балалар асықтарды бояп, оларды жеке ойын тұмарына айналдыру арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті.


Шара тек спорттық жарыс қана емес, нағыз мәдени мерекеге айналды. Қонақтарға кең дастархан жайылып, ұлттық ансамбльдердің өнері ұсынылды, сондай-ақ дәстүрлі ойындар мен түрлі интерактив алаңдар ұйымдастырылды.

Қазақстан көкпар федерациясы вице-президенті Алишер Ислам мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

— Ұлттық ойындар — біздің этникалық кодымыз. Бүгінде әлем бір-біріне ұқсап бара жатқан заманда дәл осындай дәстүрлер біздің ерекшелігімізді сақтауға көмектеседі. Біз ұлттық спорт түрлерін тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де дамытуға күш салып жатырмыз, — деді ол.


Айта кетейік, турнир идеясы дәстүрлі асық ату ойыны мен бочча спорт түрінің ұқсастығын негізге ала отырып пайда болған. Ұйымдастырушылар асықтардың көлемін үлкейтіп, ойын ережесін сақтай отырып, оны ерекше балаларға бейімдеген.

Бұл турнир Наурыз мерекесі аясындағы іс-шаралардың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар инклюзивті спортты дамытуға қосылған маңызды үлес болды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар бұл форматты кеңейтіп, ұлттық ойындарды түрлі санаттағы қатысушыларға бейімдеуді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button