Мәдениет

Бас қалада «Ұлы дала ойындары» отбасылық фестивалі өтті

Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені алаңында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне орай «Ұлы дала ойындары» атты отбасылық фестиваль ұйымдастырылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.


Аталған шараның басты ерекшелігі – отбасылық форматта өтуі. Әр команда үш адамнан: әке, ана және 8–10 жас аралығындағы баладан құралды. Қатысушылар ұлттық ойындар негізінде жасалған, заманауи технологиялармен толықтырылған түрлі сынақтардан өтіп, үш кезең бойынша бақ сынады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль биыл ерекше форматта өтті. Ол Жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып, жарыс кезеңдеріне жаңа технология элементтері енгізілген.


Қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.

— Бұл отбасылық эстафетаны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – оның Жасанды интеллект жылы аясында өтуінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты біз Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізіп отырмыз. Қатысушыларды жасанды интеллект элементтері енгізілген үш кезеңнен тұратын жарыс күтіп тұр. Барлығы 12 команда қатысады, жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталады. Көрермендер үшін кіру тегін, – деді ол.


Жарысқа қатысушы Саябек есімді әке бұл додаға алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

— Өзіммен Саялы есімді қызымды алып келдім. Екеуіміз бірге жарысқа қатысамыз. Бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймын, – деді ол.

Айта кетейік, «Ұлы дала ойындары» отбасылық фестивалі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан ұйымдастырылды. Шара ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, отбасылық бірлікті нығайтуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button