Мәдениет

Астанада Наурыз: жасанды интеллект ұлттық ойындарды жаңа деңгейге шығарды

Астана қаласында Наурыз мейрамы биыл ерекше форматта өтіп жатыр. 21 наурыз күні таңертеңнен бастап елорданың бірқатар негізгі алаңдарында ауқымды мерекелік іс-шаралар басталып, қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық дәстүр мен заманауи технологияның үйлесіміне куә болуда.


Мерекелік шаралар қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында ұйымдастырылған. Бұл орындарда жиналған жұртшылық тек концерттік бағдарламаларды ғана емес, ұлттық спорт ойындарын да тамашалап, белсенді қатысуда.


Биылғы Наурыздың басты ерекшелігі – ұлттық ойындарға жасанды интеллект технологияларының енгізілуі. Әсіресе Есіл ауданындағы EXPO аумағында дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және қошқар көтеру сынды ойындар жаңа форматта ұсынылуда. Заманауи технологиялар арқылы ойындардың ережелері түсіндіріліп, қатысушылардың нәтижелері автоматты түрде есептеліп, көрермендерге интерактивті түрде көрсетілуде.

Іс-шараларға арнайы қатысқан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық ойындарды жаңғыртып, оларды заманауи форматта ұсыну – жас ұрпақтың қызығушылығын арттырудың тиімді жолы.

«Бүгін Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтуді бастап кеттік. Екі күн бойы ұлттық ойындар қаланың алты ауданында 30-ға жуық жерде ұйымдастырылады. Бүгін 13 нүктеде өтсе, ертең 12 жерде жалғасады. Әсіресе шет аймақтарда да қамтылып отыр. Баршаңызды қатысуға шақырамыз», – деді ол.


Айта кетейік, мерекелік шаралар 22 наурыз күні де жалғасады. Ұлттық ойындардан жарыстарға қатысу тегін, сондықтан кез келген қала тұрғыны мен қонағы келіп, қазақтың бай мұрасын заманауи үлгіде тамашалай алады.

Биылғы Наурыз Астанада тек дәстүрді дәріптеп қана қоймай, технологиялық жаңашылдықтың да жарқын көрінісіне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button