
Астана төріндегі EXPO аумағы Наурыз мейрамы қарсаңында ерекше өнер туындысымен толықты. Қала тұрғындарының қолымен жасалған «Ұлы Дала Аруы» атты ауқымды арт-инсталляция көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл бірегей жобаның авторы – шебер Рахима Берген. Оның бастамасымен жүзеге асқан туындыға балалардан бастап ақ жаулықты әжелерге дейінгі төрт буын өкілдері атсалысқан. Осылайша, өнер мен ұрпақ сабақтастығы бір кеңістікте тоғысты.
Инсталляцияны жасау барысында қатысушылар 3250 шаршы тоқып, олардан Қазақстанның барлық өңірін бейнелейтін 17 күн шапағын құрастырған. Әрбір тоқылған элемент – жеке шаңырақтың, әр отбасының символы іспеттес. Бұл туынды тек көркем дүние ғана емес, ел бірлігі мен ортақ құндылықтардың бейнесіне айналған.
Жобаға қатысушылар үшін бұл бастама әртүрлі мағынаға ие болды. Бірі үшін күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, шығармашылыққа ден қою мүмкіндігі болса, енді бірі үшін ортақ іске үлес қосып, өз ізін қалдырудың жолы болды. Мәселен, қатысушылардың бірі әжесінің құрметіне арнап 90 шаршы тоқып шыққан.
Әкімдік қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба бүгінде жай ғана фотоаймақ емес, адамдарды біріктіретін рухани кеңістікке айналды. Мұнда келген әрбір жан тек әдемі көріністі тамашалап қана қоймай, оның астарында жатқан терең мағына мен еңбекті сезіне алады.
«Ұлы Дала Аруы» – Наурыз мейрамының мәнін айшықтайтын, дәстүр мен заманауи шығармашылықты үйлестірген ерекше символ.



