
Астана қаласында Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасы әзірлеген пилотсыз автокөліктің демонстрациялық жүрісі өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Ұшқышсыз көлікті бағдарламалау және оның қозғалыс бағытын әзірлеу жұмыстарын шеберхана мамандары жүзеге асырған.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрсетілім қалалық мерекелік алаңда өтіп, заманауи технологияларды көпшілікке таныстыруға бағытталған бағдарламаның бір бөлігіне айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары ұшқышсыз көліктің жұмысын өз көздерімен көріп, оның қалалық ортада қолдану мүмкіндіктерімен танысты.
Жоба аясында автокөлік жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін шешімдерді көрсетті. Атап айтқанда, навигациялық жүйелер, деректерді өңдеу және қалалық инфрақұрылыммен өзара әрекеттесу тетіктері таныстырылды.
Алдағы уақытта мұндай технологияларды қала өміріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде ұшқышсыз такси қызметін іске қосу да интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыты ретінде қарастырылуда.
Биыл Наурыз мерекесі Digital Nauryz форматында өтуде. Бұл бастама елде жарияланған цифрландыру мен жасанды интеллект жылымен сабақтас.
Осы секілді жобалар ұлттық дәстүрлер мен озық технологияларды ұштастырып, мерекені жаңа деңгейде атап өтуге жол ашып, тұрғындарға цифрлық шешімдерді жақыннан танып-білуге мүмкіндік береді.



