Спорт

Астаналық гимнасттар Афиныда алтынға бөленді

Aphrodite Cup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жарқын өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Афины төрінде өткен беделді додада астаналық спортшылар да жоғары нәтижелерімен көзге түсті.

Ересектер арасындағы жекелей көпсайыста елордалық Ақмарал Ерекешева қарсыластарынан озып шығып, алтын медаль иеленді. Финалдық кезеңде ол доппен орындалған жаттығуда екінші орын (25,800), ал булавамен бірінші орын (28,450) алып, турнир жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Айым Мейіржанова лентамен жаттығуда (26,250) қола жүлдеге қол жеткізді.

Жасөспірімдер арасында да астаналық гимнасттар табысты өнер көрсетті. Анна Рубцова көпсайыс қорытындысы бойынша күміс жүлдегер атанса, Айғаным Рысбек пен Анель Динишева қола медаль иеленді.

Финалдық жаттығуларда Айғаным Рысбек ерекше көзге түсіп, шығыршықпен жаттығуда алтын (25,850), сондай-ақ доп және лента бағдарламаларында күміс медаль жеңіп алды.

Топтық жаттығуларда да Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Жасөспірімдер арасында көпсайыс қорытындысы бойынша команда 43,55 ұпай жинап, бірінші орын алды. Финалда 5 доппен орындалған жаттығуда алтын (22,150), ал 5 лентамен жаттығуда күміс (17,700) медаль иеленді.

Ересектер арасындағы топтық сайыста да ұлттық құрама 48,75 ұпаймен топ жарып, көпсайыста бірінші орынды жеңіп алды. 5 доппен орындалған финалдық жаттығуда команда тағы бір алтын медаль (23,650) қоржынға салды.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 7 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, турнирдің басты фавориттерінің біріне айналды.

Бұл жоғары нәтижелер – спортшылардың табанды еңбегі мен бапкерлер құрамының жүйелі жұмысының айқын көрінісі. Атап айтқанда, аға жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева және жаттықтырушылар Елена Фотина мен Оксана Нечитайло, сондай-ақ хореографтар Саая Айдыс, Чингис Оспанбаев және Карина Аблакова шәкірттердің шеберлігін шыңдауға зор үлес қосты.

Афины төріндегі бұл жеңіс – қазақстандық көркем гимнастиканың қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button