Спорт

Семсер сермеген саңлақтар Астанаға жиналады

Қазақстан тарихында тұңғыш рет семсерлесуден Әлем кубогының кезеңі Астана қаласында өтеді. 26–29 наурыз аралығында елордадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде беделді халықаралық турнир ұйымдастырылады.

Ауқымды додаға әлемнің 96 елінен 600-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық сайыстар бойынша өтеді.

Қазақстан ерлер құрамасы сапында шпагамен Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов ел намысын қорғайды.

Қазақстанның Ұлттық семсерлесу федерациясының мәліметінше, бұған дейін мұндай деңгейдегі турнирлер Марракеш пен Буэнос-Айрес қалаларында өткен. Ал БАӘ, Германия, Швейцария және Канада сынды елдер Әлем кубогы кезеңдерін тұрақты түрде қабылдап келеді. Биыл Қазақстан алғаш рет осы беделді жарысты өткізетін елдердің қатарына қосылып отыр.

Ұлттық құрама спортшысы Руслан Курбановтың айтуынша, бұрын мұндай жарыстар тек Италия, Франция, Венгрия сияқты семсерлесу дәстүрі қалыптасқан мемлекеттерде өтетін.

«Бүгінде Әлем кубогының маңызды кезеңдерінің бірі өз елімізде ұйымдастырылып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Енді біз тек шетелде ғана емес, өз жерімізде де жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіспіз», – деді спортшы.

Астанада Әлем кубогының кезеңін өткізу – еліміздің ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл – Халықаралық семсерлесу федерациясының сенімі мен Орталық Азияда осы спорт түрін дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button