Білім

Астана оқушылары республикалық олимпиадада топ жарды

2026 жылғы 20–25 наурыз аралығында Астана қаласында 9–11 (12) сынып оқушылары арасында физика және биология пәндерінен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар өзара білім сайысына түсіп, үздіктер анықталды.

Аталған білім бәйгесінде елорда намысын қорғаған 20 оқушының 13-і физика, 7-еуі биология пәні бойынша бақ сынады. Нәтижесінде астаналық оқушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпы 15 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль бар.

Физика пәні бойынша алтын медальді Сабыров Мерген, Егенбергенова Нұргүл және Қазымбек Ілияс жеңіп алды. Күміс жүлдегерлер қатарында Алпысбаев Тимур, Дарханұлы Сұлтан, Тюлюбаев Даниэль, Рудик Иван және Мальцев Григорий бар. Ал қола медаль Асылтай Әлимансұр мен Жұмаділ Мұхаммедәлиге бұйырды.

Биология пәнінен Жамбыл Жібек күміс жүлдеге ие болса, қола медальді Широких Дарья, Мақсот Нұрхат, Амантай Нұрбақыт және Кәдірбай Абылай иеленді.

Бұл жетістіктер елордалық оқушылардың білім деңгейінің жоғары екенін, олардың зияткерлік әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл нәтиже – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жүйелі еңбегінің жемісі. Осындай жеңістер жас ұрпақтың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттырып, болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті мамандардың қалыптасуына жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button