Қоғам

Астана «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясына қосылады

28 наурыз күні бүкіл әлемде табиғи ресурстарды ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалануға үндейтін «Жер сағаты» халықаралық акциясы өтеді. Биыл бұл маңызды бастамаға Астана қаласы да белсенді түрде қатысады.

«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры бастамасымен ұйымдастырылатын экологиялық акция. Оның негізгі мақсаты – қоғам назарын қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды үнемдеу және климаттың өзгеруі мәселелеріне аудару. Акция аясында әлем бойынша тұрғындар мен ұйымдар бір сағатқа жарықты сөндіріп, энергияны үнемдеуге символикалық үлес қосады.

Астанадағы негізгі іс-шара Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығында өтеді. Бағдарлама кешкі сағат 19:30-да басталып, қонақтарға арналған құттықтау сөздермен ашылады. Одан кейін келушілер арасында «Stop musor» әлеуметтік жобасы мен серіктестерінің сыйлықтары ұсынылатын викторина ұйымдастырылады. Іс-шара әрі қарай елордалық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласады.

Акцияның басты сәті – сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өтетін символикалық жарықты өшіру кезеңі. Осы уақыт аралығында Астанадағы ондаған ғимараттың сыртқы жарықтандыруы мен сәндік шамдары сөндіріледі. Жарық өшірілер алдында кері санақ жүргізіліп, қала тұрғындары бір мезетте экологиялық бастамаға үлес қосады.

Биылғы акция «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтуде. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы және Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Қазіргі таңда «Жер сағаты» – әлемдегі ең ауқымды экологиялық акциялардың бірі. Оған 175-тен астам елдегі 8 мыңға жуық қала қатысып, 2 миллиардтан астам адам қолдау білдіреді. Бұл бастама әр адамға табиғатты қорғау ісіне өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Астана тұрғындары үшін бұл – тек жарықты сөндіру ғана емес, табиғатқа деген жауапкершілікті сезініп, болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға шақыратын маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button